Батырсымақ жігітке кешірім жасады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылордалық жас жігіттердің бір тобы кешқұрым қала орталығында орналасқан кафелердің бірінде көңіл көтермек болып шешеді. Отырыс әдеттегідей кәуап пен сыраға тапсырыс беруден басталады. Қонақтардың бірі Н. есімді азамат залда отырған таныс қызын көріп, онымен сырласып, артынша достарына қайта оралады.

Көтеріңкі күйге оранған олар көшеге серуенге шығады. Осылайша олар көшеде орын алған жағымсыз оқиғаға тап болады,  яғни ер адамның әйел адамға дөрекі қылық танытып, дауыс көтеріп жатқанын көреді, ақыры ол  жігіт әлгі қыздың танысы болып шығады.  Бұндай дөрекі әрекетке шыдамаған Н. оларға араша түсіп, қызуқанды жігітке тоқтау айтқаны сол еді, лып еттіп жанжал басталады. Кафе  маңындағы оқиғаға патрульдік көлікпен өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері тап болып, олардан жанжалды тоқтатуды өтініп,  тез тарқауын талап етеді. Бірақ оның орнына біздің «батырсымағымыз» Н. қызметтегі адамға қол жұмсап, жұдырықпен көзінен соққы береді. Қатты күшпен ұрғаны соншалық сержант сол жерде жерге құлап, есінен танып қалады. 

Серіктесінің бұндай жағдайға ұшырағанын көрген қасындағы кезекші полиция қызметкері басқа патрульдік көліктерді шақырады. Сөйтіп, төбелес шығарған жігіттер полиция бөлімшесінен бір-ақ шығады. 

Басты сот талқылауында Н. кінәсін мойындап, жәбірленушімен татуласуына байланысты істі өндірістен қысқартуын сұрады. Абайсызда соққы алған  полиция қызметкері оның моральдық шығынды өтегендігін алға тартып, оны кешіретіндігін айтты. 

ҚР ҚК-нің 67-бабының 1-бөлігінде ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушiмен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жататындығы аталып, көрсетілген.
Сот аталған заң нормасына сүйене отырып, Н. қылмыстық жауаптылықтан босатып, істі өндірістен қысқартты.   

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі