Баласын саудалағандар темір торда

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Адамның бір қызығы бала деген» - деп ұлы Абай айтқандай, сылдырлаған сәби күлкісі отбасының қуанышы,  ана бақыты емес пе. Өкінішке орай, ізгі қағиданы сақтамай, баласының тағдырын саудаға салып, нәпақа табатындар да жоқ емес...

2 жастағы ұлын сатпақ болған 28 жастағы Ирина Козлова темір тордың ар жағында 8 жыл өмірін өткізбек. Ал, оның анасы Алла немересін сатып, оңай олжаға кенелемін деп ойласа керек. Алайда, оның да қара ниет ойы жүзеге аспай, қызының артынан 7 жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеге тоғытылған.

Бұл қайғылы оқиға көктемнің сәуір айында болған. 45 жастағы Гүлмира сынды келіншек такси көлігінде отырып, саяжайда тұратын екі әйелдің сөзіне құлақ түреді. Әңгіменің мазмұны Ирина сынды әйел өзінің туған баласын ақшаға сатып, саудаламақ екен. Бұны естіген Гүлмира саябақтың мекенжайын жобамен есіне сақтап, ақыры сол жерге келеді.  Келген қонаққа Ирина мен Алла Козловалар шын мәнінде кішкентай Сашаны 30 мың долларға сататындарын айтқан. Ақыры Ирина баласынан бас тарту туралы қолхат жазып беретіндігі жайында уағдаласқан. Гүлмира маскүнем әйелдермен келісіп, өзі полиция қызметкеріне келіп, болған оқиғаның мән-жайын түсіндірген.

Баланы сатып алу мәмілесін жасау үшін  қонақ үйде кездесеміз деп шешеді. Козловалар келіскен жерге баланы, ал Гүлмира ақшаны алып келеді. Баланың тағдыры ойыншыққа айналып, ал маскүнем әйелдер ақшаның буына малданып жатқанда, полиция қызметкерлері келіп, сол жерде оларды құрықтайды. Қызы мен анасын изоляторға, ал бақытсыз сәбиді балалар үйіне жібереді. 

27 маусымда Талдықорған қалалық сотының судьясы Құралай Дарханова бұл жан түршіктірер оқиға байланысты сот үкімін жариялады. Сот үкімімен Ирина Козлова 8 жыл мерзімге, анасы Алла Козлова 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Екеуі де «алдын ала сөз байласып, топ құрып, жас өспірім балаларды сатқаны үшін арнайы баппен сотталған. Олар жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында  өтейтін болады.

Сот үкіміне сәйкес, оларға түрмеде маскүнемдіктен емдеу тағайындалған.

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі