Азаматтық заңнаманы жетілдіру мақсатында

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2017 жылғы 27 ақпанда Мемлекет басшысы азаматтық, процестік және банктік заңнаманы жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілген  заңнамалық өзгерістерді Жоғарғы Сот Бүкіләлемдік Банктің халықаралық сарапшыларымен бірлесіп әзірлеген болатын.

Аталған жұмыстың шеңберінде сарапшылар қолданыстағы процестік заңнаманы жеңілдету және оның негізгі кезеңдері бойынша белгісіздіктерді болдырмау жолымен  оны жақсарту мүмкіндіктерін анықтады.

Заңда барлығы үш ұсыныс жүзеге асырылды.

Жауапкерге және үшінші тұлғаларға талап қою арызының көшірмелерін жіберу тәртібі өзгертілді.

Енгізілген түзетулерге сәйкес жауапкерге және үшінші тұлғаларға талап қою арызының көшірмелерін және оған  қоса берілген құжаттарды жолдау немесе тапсыру міндеті сотқа жүктеледі. Аталған құжаттарды жолдау талап қою арызы қабылданған күннен бастап үш жұмыс күн ішінде іске асырылады. Бұрын мұндай міндет талап қоюшыларға жүктеліп, талаптарды тапсыруда қиындықтар тудыратын. Осы ретте, адресаттар жолдағанда талап қою арызын уақытында алмағандықтан, істі қарау мерзімі созылып кетуіне әкеліп соғатын.

Сонымен қатар, заңнамалық түрде жауапкердің талап қою арызына пікір беру мерзімі талап қою арызының көшірмесін алған күннен бастап 10 жұмыс күн мерзімі деп бекітілді.

Жаңашылдықтардың бірі – істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей басталатын бірінші сот отырысының мерзімін бекіту.

Бұған дейін, мұндай мерзім заң бойынша анықталмаған болатын.

Көрсетілген мерзімдердің заңмен реттелуі азаматтық процесті реттейді және оны іске қатысушы тұлғаларға түсінікті етеді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі