Атырауда судьялар, прокурорлар, полицейлер және медиаторлар арасында өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау облыстық сотында медиация рәсімінің жан-жақты дамуы бойынша қарым-қатынасты нығайту мақсатында прокуратура, ішкі істер органдарының және медиация орталықтары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел модераторы Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Т.Уәлиева өз сөзінде аталған шараның қоғамдық келісімді және қоғамдық тұрақтылықты жүзеге асыруға бағытталған конституциялық принцип негізінде, мемлекеттік өмірдегі маңызды мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.

Облыс прокурорының орынбасары Б.Саугабаев баяндама жасап, татауластыру рәсімдері институты, атап айтқанда, медиация құқықтық дауларды реттеу тәсілі ретінде қоғамдық өмірде маңызды роль атқаратынын айтты.

«Осыған байланысты, прокуратура осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетуге дайын» - деп Б.Саугабаев сөзін нақтылады.

Басқа баяндамашылар да медиацияны тергеу сатысында, әсіресе қылмыстық істер бойынша да қолдану қажеттілігін атап айтты.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қойылған тапсырмаларының сәтті жүзеге асуы мақсатында қылмыстық алқа төрағасы, облыс прокурорының орынбасары, ІІД басшысы және медиация орталықтары өкілдіктерінің директорлары өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қайнар: 
Атырау облыстық сотының баспасөз ақпараты