Атырауда экономикалық құқық бұзушылықтар саласындағы қылмыстық істер бойынша сот-тергеу практикасының мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Атырауда экономикалық қылмыстарға қатысты қылмыстық істерді қарау кезінде туындайтын мәселелер мен «Заңдылық» ақпараттық- талдамалық жүйесінің жұмысын талқылауға арналған аймақтық семинар өтті. Аталған іс-шараны Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин жүргізді.

Семинар жұмысына Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев, Жоғарғы Сот судьясы Өмірсерік Қожабаев, Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов, батыс аймағындағы (Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары) облыстық соттардың алқа төрағалары мен судьялары, сондай-ақ прокуратура мен ішкі істер органдарының өкілдері қатысты. Бұдан бөлек, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері, адвокатура және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

А.Рахметулин іс-шараны аша келе, күні кеше Жоғарғы Сотта барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс кеңесі өткенін, онда экономикалық құқық бұзушылық саласындағы қылмыстық істер бойынша сот-тергеу практикасына қатысты бірыңғай тәсілдердің қалыптасқанын айтты. «Біз бүгін аталған ұсынымдар мен осы санаттағы істерді қарау кезінде кезігіп қалуы мүмкін өзге де мәселелерді талқылауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс барысында кемшіліктерден арылу мақсатында және бірыңғай сот-тергеу практикасын қалыптастыру үшін жасалып отыр», - деді А.Рахметулин.

Экономикалық қылмыстар мемлекет үшін төленбеген салық түріндегі елеулі залал келтіріп отырғаны айтылды. Осы ретте, сотқа дейінгі тергеуді жүргізу кезінде ауқымды деңгейдегі кемшіліктер жиі айқындалады, осының салдарынан сот актілерінің күші жойылады. Атап айтқанда, А.Рахметулин кеңеске қатысушылардың назарын қылмыстық істерді тергеу кезінде контрагенттердің жалған кәсіпкерлермен мәмілелерінің жарамды немесе жарамсыз екендігі зерттелмейтінін, нәтижесінде өз ісін заңға сәйкес жүргізетін кәсіпкерлердің зардап шегетінін айтты.

Бұған қоса, осы тектес тергеулерді жүргізгенде қылмыстық процестік заңнаманың жіті сақталуы маңызды болып табылады. Залалды дәлелдеу мен анықтаудың негізі тек контрагенттер мен жалған кәсіпорындардың арасында жасалған мәміле болып табылады. Осыған орай, кәсіпорындардың қызмет ету кезеңіндегі салық есептемесін тексерумен байланысты салықтық әкімшілік ету мәселелерін қылмыстық процес мәселелерімен  бір деңгейде қарастырмау керек. Сотқа дейінгі іс жүргізу органдары дәлелдемелерді сақтау, зерттеу қызметін тек Қылмыстық-процестік кодекс шеңберінде жүргізіп, жалған кәсіпорындармен жасалған мәмілелерді ғана тексеруі керек.

«Салық органдары қылмыстық іске араласа отырып, контрагенттердің қызметінің тұтас немесе белгілі бір бөлігін тексеруді бастайды, қаржылық құжаттарды алып, есеп шоттарды тыйым салады, осылайша жол берілмейтін, шаруашылық субъектілердің – контрагенттердің қызметіне шектеу салынады, бұл заңға қайшы болып табылады», - деді А.Рахметулин.

Бұдан әрі, экономикалық құқық бұзушылықтарды тергеу кезіндегі түйіткілді мәселелер бойынша Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов пен Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев сөз сөйледі.

Бірінші сессия шеңберінде экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтарға қылмыстық жауапкершілік туралы заңнаманы дұрыс қолданылу мәселелері, экономикалық қылмыстарды зерттеудің ағымдағы практикасы, соның ішінде жалған кәсіпкерлік мәселелері талқыланды. 

Екінші сессия Бас прокуратурамен бірлесіп ұйымдастырылған сот пен прокуратураның «Заңдылық» ақпараттық-талдамалық жүйесін таныстыруға арналды.

Соттарда жаңа технологияларды қолдану маңыздылығын айта келе, А.Рахметулин ақпараттық технологиялар бүгінде істердің сот жүйесінің барлық сатыларынан жеделдетіп өтуін жеделдететіндігін атап өтті.

«Заманауи технологияларды енгізу мен қолдану сот төрелігіне деген қолжетімділікті елеулі түрде арттырады, төрешілдік кедергілерді жойып, лауазымды адамдардың азаматтармен байланысын барынша азайтады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, азаматтардың қаржысы мен уақытын үнемдеуге ықпал етіп, келешекте Қазақстан тұрғындары үшін сот және құқық қорғау органдарының қызметін барынша айқын әрі қолжетімді ете түседі», - деді Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

«Заңдылық» жобасы сот пен құқық қорғау органдарының жаңғыру жолындағы жаңа кезеңі және «Төрелік» пен Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйелерінің интеграциялануы нәтижесінде қылмыстық процестің сапасын арттыруға жол ашады.

Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов аталған жүйе туралы айта келе, бұл жоба сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын ортақ коммуникацилық желіге біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Алдағы уақытта бұл қандай да бір қағаз түріндегі құжат айналымын болдырмауға, істерді жасақтау кезінен бастап, сот шешімі шыққанға дейінгі процесті толық  бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Жобаны Бас прокуратураның 10-шы департаментінің басқарма басшысы А.Аталықов таныстырды. Бұдан әрі Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Е.Мәбиев «Заңдылық» жүйесінің Ақтөбе облысының прокуратурасында қалай қолданылатыны туралы пікірімен бөлісті.

 Күннің екінші бөлігінде А.Рахметуллин батыс аймағы соттарында қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысын шығарды.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі