Астанада дауларды шешу бойынша заңгерлік форум өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін елордадағы «Қазжол» қонақ үйінде дауларды шешу бойынша заңгерлік форум өтті. Іс-шара «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Линкольн Браун» заңгерлік компаниясының бастамасымен ұйымдастырылды.

Форум жұмысына Жоғарғы Соттың және жергілікті соттардың судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан мен шет мемлекеттердің Lincoln Conferences, Baker & McKenzie,  Angels Niko Advisory LLP, GRATA, CIS London & Partners LLP және т.б. жетекші заңгерлік компанияларының өкілдері қатысты.

Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы А.Қыдырбаева, Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Заңнама және өзін-өзі реттеу департаментінің директоры А.Бижанова, Baker & McKenzie заңгерлік фирмасының аға заңгері А.Коробейников кіріспе сөз сөйледі.

Форум жұмысы барысында оған қатысушылар инвестициялық, салықтық және өзге де дауларды қараумен байланысты мәселелерді, сондай-ақ, арбитраж практикасы мен ағылшын құқығын қолданудың шетелдік тәжірибесін талқылады. Жоғарғы Соттың судьялары А.Сапарова, Ұ.Сүлейменова, Д.Шипп, «Атамекен» арбитраж орталығының атқарушы директоры А.Қалдыбаев, «GRATA» заңгерлік фирмасы ЖШС Сот практикасы департаментінің директоры Б.Тұқылов, CIS London & Partners LLP заңгерлік фирмасының басқарушы серіктесі С.Ландэн, Angels Niko Advisory LLP басқарушы серіктесі В.Капацина мен т.б. сөз сөйледі.

Жоғарғы Соттың өкілдері «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберіндегі сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге және кәсіпкерлікті қолдау үшін барынша қолайлы ахуал жасауға бағытталған сот жүйесіндегі реформалардың іске асу барысы туралы ақпарат берді. Жаңа Азаматтық процестік кодекс нормаларының тиімділігі, электронды сот төрелігін дамыту, инвестициялық даулар бойынша сот ісін жүргізуді енгізу, азаматтық істерді қарау мерзімдерін оңтайландыру, сондай-ақ, істердің өзекті санаттары бойынша сот практикасы мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Жиынға қатысушылар заңнаманы жетілдіру және оны құқық қолдану практикасында бірізді қолдану бойынша сындарлы пікір алмасты.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі