Астана қаласының сотында сот пен прокуратураның «Заңдылық» ақпараттық-талдамалық жүйесі таныстырылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Астана қаласының сотында Жоғарғы Соттың Бас прокуратурамен бірлесіп ұйымдастыруымен «Заңдылық» ақпараттық-талдамалық жүйесін қолдану бойынша семинар өтті. Іс-шараны Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин жүргізді. 

Семинар жұмысына Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Астана қаласы сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев, Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Бағдат Мусин, Астана қаласының прокуроры Болат Дембаев, елорданың судьялары, бас әскери және көліктік прокуратура өкілдері қатысты.

А.Рахметулин іс-шараны аша келе, кез келген маңызды жаңғырту секілді автоматтандыру жүйесін енгізу күрделі процесс болып табылатындығын атап өтті.

Сот жүйесінде соттарды заманауи технологиялармен қамтамасыз ету және ақпараттық жүйелерді сапалы сүйемелдеу бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Соттар жұмысы сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділік деңгейін едәуір арттыруды көздейтін корпоративтік телефонияны, қолдетімділікті бақылау мен басқару жүйесін және сот процестерін аудио-бейнетіркеуді дамытуға бағытталған озық жобаларды енгізу арқылы сүйемелденуде.   

«Бүгінде әрбір азамат сот органдарына «Сот кабинеті» сервисі арқылы жүгіну мүмкіндігіне ие, осы жүйе арқылы тұрғындар тарапынан 1 миллион 300 мыңнан астам өтініш берілді. Ұлт Жоспарының 20-қадамын орындау мақсатында барлық сот отырысы залдары аудио-бейнетіркеудің заманауи жүйелерімен жарақтандырылды. Бейнебайланыс барлық өңірлерді бір сот отырысының шеңберінде қашықтықтан біріктіруге мүмкіндік береді», - деді А.Рахметулин. Ол көптеген мемлекеттік органдардың деректер базасын интеграциялауға ықпал еткен сот органдарының «Төрелік» жүйесінің енгізілгені туралы да айтып өтті. Аталған базаларды қолдана отырып судья істерді қарау үшін қажетті барлық ақпаратқа (мүлік, автокөлік, тіркеу, банктік есеп-шоттар және т.б. туралы мәліметтер) ие бола алады, бұл, өз кезегінде, процестерді неғұрлым жедел өткізуге мүмкіндік береді.

Таныстырылып отырған «Заңдылық» жобасының мақсаты – Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі мен сот органдарының «Төрелік» ақпараттық-талдамалық жүйесін интеграциялау есебінен қылмыстық процестің сапасын арттыру. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықты қоса алғанда, өзге де базалармен интеграциялану күтілуде, соның нәтижесінде барлық қажетті деректер берілетін болады. Бағдарлама, мәселен, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күнгі айлық есептік көрсеткішті ескере отырып, айыппұл мөлшерін, кәмелетке толмағандарға жаза тағайындаудың ерекшеліктерін немесе жазаны сіңірудің дұрыс тәртібін, т.б. анықтай алады.     

«Заңдылық» жүйесін іске асыру қылмыстық сот төрелігінің сапасын арттыруға, тиімсіз құжат айналымы мен қылмыстық істерді тергеу мен сотта қарау барысындағы процеске қатысушылардың заң бұзушылық бойынша шағымдарын азайтуға бағытталған.  

Жоба барлық ұйымдастырушылық рәсімдер аяқталған соң 2017 жылдың шілдесінде қолданысқа енгізіледі.  

Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов аталған жүйе туралы айта келе, бұл жоба бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға және қылмыстық процестің ашықтығын арттыруға, судьялар мен прокурорларға – қылмыстық заңнама нормаларын қолданудың дәлдігін тексеруге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.  

Жобаны Астана қаласының прокуроры Б.Дембаев пен 10-шы Департаменттің басқарма бастығы А.Аталықов таныстырды.    

Жоғарғы Сот жанындағы Департамент басшысының орынбасары Қайрат Елібаев электронды сот ісін жүргізуді дамыту туралы айта келе, сот жұмысына заманауи ақпараттық технологияларды одан әрі енгізудің жаңашылдықтары мен келешегі туралы ақпарат берді.

А.Рахметулин кездесуді қорытындылай келе, оған қатысушыларға жобаны қызықты әрі мазмұнды түрде таныстырғаны үшін алғысын білдіріп, «Заңдылық» жобасын қолданысқа сәтті енгізу қылмыстық сот төрелігінің сапасын арттыруға, тиімсіз құжат айналымын азайтуға және қылмыстық істерді тергеу мен сотта қарау барысындағы процеске қатысушылардың заң бұзушылық бойынша шағымдарын азайтуға мүмкіндік беретіндігіне сенім білдірді.

Семинардан кейін елорда судьяларының кеңесі өтті. Жиында қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру қызметінің қорытындылары талқыланды.   

А.Рахметулин кеңесте сөйлегенде сөзінде өткен жылмен салыстырғанда осы жылдың бірінші тоқсанында Астана соттары судьяларының әрекетіне қатысты түскен арыз-шағымдардың жалпы саны 19,8 пайызға азайғанын атап өтті. Ол істерді қарау барысында халықаралық шарттарды қолдану қажеттігі туралы өзінің тапсырмасын еске салып, ағымдағы жылғы бірінші тоқсандағы соттар жұмысының осы мәселе бойынша оң нәтииже көрсеткенін атап өтті. Атап айтқанда, 170 іс халықаралық шарттар қолданыла отырып қаралған немесе бұл барлық аяқталған істердің 19,5 пайызын құрайды. Қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасын одан әрі жақсартудың нақты бағыттары анықталды.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі