Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотында журналистерге сот ісін жүргізуді электронды нұсқаға көшіру барысы түсіндірілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ағымдағы жылғы 1 ақпаннан бастап Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотында бұйрық арқылы іс жүргізу істерін электронды түрде қарау бойынша пилоттық жоба тәжірибеге енгізілді.

Осыған сәйкес, аталған санаттағы істер жоба аясында қағаз нұсқасындағы құжаттарсыз, электронды түрде қарастырылатын болады.

Жоба Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің өкіміне сәйкес сот ісін оңтайландыру мақсатында жүзеге асырылуда.

Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкенов БАҚ өкілдерін пилоттық жобаның ережелерімен таныстырды. Арман Жүкенов өз сөзінде    аталған жоба  сотқа арыз беру мен оны тіркеуден бастап, заңды күшіне енген сот актісін орындауға жібергенге дейін сот ісін жүргізуді  100 % электронды түрде жүргізуді көздейтінін атап өтті

«Пилоттық жобаның басты мақсаты – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру, сот процесіне қатысушылардың істің барлық материалдарындағы құжаттарды электронды тасығышта тапсыру арқылы қолжетімділікті жақсарту болып табылады, бұл өз кезегінде адами факторлардың қатысуын төмендетеді», - деді А.Жүкенов.

Пилоттық жобаның тағы бір артықшылығы – азаматтық істі жасақтап, оны тігудің қажеттілігі туындамайды, себебі азаматтық істің барлық материалдары электронды түрде соттың мұрағатында сақталады.

Кездесу аясында БАҚ өкілдері сот ғимаратында азаматтық істерді электронды нұсқада қарау үшін арнайы жасақталған сот отырысының залымен және сот ғимаратындағы мобильді халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Пилоттық жоба аясында Сарыарқа аудандық сотында 400-ге жуық арыз сот актілері мен басқа да құжаттардың қағаз нұсқасынсыз  қаралып үлгерді.

Қазіргі таңда еліміздің сот жүйесінде – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Аталған тапсырмалар жаңа заманауи технологияларды кеңінен қолданып, жұмысты оңтайландырып, құжаттармен жұмыс жасау барысында адами факторларды барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қайнар: 
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі