Астана қаласы №2 Сарыарқа аудандық сотында сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астана қаласы №2 Сарыарқа  аудандық сотында өткен «дөңгелек үстел» жұмысына Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқар Кенжеғарин, судьялар, Жоғарғы Сот аппаратының, Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасының, Астана қаласы ІІД және Сарыарқа ауданының ІІБ, Тілдерді дамыту басқармасының өкілдері қатысты.

Іс-шараны Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының төрағасы Ғалымжан Нәсірдінов жүргізді. Жоғарғы Сот аппаратының өкілдері Айдос Садуақасов пен Бақыт Мұхитденова сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтудің маңыздылығын, соның ішінде тілді меңгеру деңгейін анықтайтын «Қазтест» бағдарламасы қызметінің артықшылықтарын атап өтті. Сонымен қатар, өз кезегінде олар қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша дайындық жұмыстарына ерекше назар аударды.

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және тілдік ахуалға жүргізілген мониторинг туралы сөйлеген сөінде спикерлер сот ісін жүргізуде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бойынша құқық қорғау органдарымен бірлескен шараларды қабылдау қажеттілігін атап өтті. Іс-шара барысында сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің үлес салмағының аз болуына тергеушілердің, адвокаттар мен заңгерлердің қазақ тілін білмеуі себеп болып отырғандығы айтылды.

А.Садуақасов Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласында анықталған басым міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде Жоғарғы Сот Сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту тұжырымдамасының жобасын әзірлегенін атап өтті.

Өз баяндамасында судья Ұмсын Мұханғалиева еліміздің сот-құқықтық жүйесінде мемлекеттік тілді жеткіліксіз пайдаланудың негізгі мәселелеріне тоқталды. Судьяның пікірінше, сот ісін жүргізудегі тіл қағидатының  бұзылуы қазақ тілін кәсіби тұрғыда жеткілікті меңгермеген, қылмыстық зерттеуді жүргізетін жетекші органдар мен адвокаттардың қылмысқа тартылған азамат үшін ыңғайлы тілде құжаттарды толтырмаудан туындайтынын атап өтті.  Сонымен  бірге судья әріптестерін қазақ тілін терең меңгеруге шақырды.

Қазақ тілін қолдануда кездесетін мәселелер жөніндегі талқылау барысында Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы А. Кенжегарин тілдік ахуалды жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін баса айта келе, тіл үйренудегі өз тәжірибесімен бөлісті.

«Дөңгелек үстел» қатысушылары талқылау соңында жоғарыда аталған Тұжырымдама жобасына енгізу мақсатында тұжырымдамалық ұсыныстар әзірледі.

Қайнар: 
Астана қалалық соты баспасөз қызметі