Арқалықта сот азаматтың Ауғанстанда әскери қызметтен өткендігінің заңды дерегін анықтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арқалықтың 50 жастағы тұрғыны заң тұрғысынан маңызды деректі анықтау туралы шағыммен сотқа жүгінген.

Азамат 18 жасында әскер қатарына шақырылып, 1984-1986 жылдар аралығында Өзбекстанның Термез қаласының Түркістан әскери округінде кіші сержант шенінде миномет командирі ретінде әскери қызметін өтеген. Қызмет барысында ол Ауғанстан Республикасының әскери қақтығыстар орын алған Хайратон қаласына алты рет іссапармен барған. Арыз иесі сол уақытта әскери қақтығыстар болған Ауғанстан аумағында бес айдан астам уақыт әскери борышын атқарып, 2 жауынгерлік есептоптың миномет командирі болған.

Бүгінгі күні азамат Д. республикамыздағы жергілікті соғыс және Ауған соғысы ардагерлерінің одағының мүшесі. «1979-1989 жылдардағы жауынгерлік іс ардагері», «Жауынгерлік айбыны үшін», «1979-1989 жылдардағы жауынгерлік ерлігі үшін» медалдарымен және Ауғанстаннан Кеңес әскерінің  шығарылғанының 10-жылдығына орай «Ауғандағы соғыс ардагері» белігісімен марапатталған.

Дегенмен, азамат өзінің әскери қызметі кезінде Ауғанстандағы әскери қақтығыстарға қатысқандығының дерегін дәлелдей алмаған. Сотта талапкер өзімен бірге әскерде болып, бүгінде өзге мемлекеттердегі жергілікті соғыс ардагерлері қатарындағы азаматтардың нотариалды бекітілген өтініштерін ұсынды. 

Сот іс материалдарын зерделей келе, куәгерлерді тыңдап, азаматтың Ауғанстан Демократиялық Республикасында әскери қызметтен өту дерегін анықтау туралы шағымын қанағаттандырды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. 

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі