Алматы, Павлодар, Ақтау және Қостанай соттарында сақтандыру және қылмыстық процестегі азаматтық талап арыз дауларын қарау мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Алматы қалалық сотында «Сақтандыру туралы заңнаманы қолдана отырып дауларды қараудың сот практикасы» тақырыбында семинар өтті.

Семинарға қатысушылар Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештайдың өмірден мезгілсіз озуына байланысты оны бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы төрағасының м.а. Е.Нұралиев іс-шараны ашып берді, қалалық сотының судьясы Г.Қожаханова жиынды жүргізді.

Іс-шарада Алматы қалалық сотының, аудандық және мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты судьяларының, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, сақтандыру мекемелерінің, заң көмегін көрсету компанияларының өкілдері қатысты.

Семинар барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы А.Муксинова, «Авто-Адвокат» заң компаниясының өкілі А.Сариева, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы К.Сәлімбаева, Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 сотының судьясы Д.Аркинов, Бостандық аудандық сотының судьясы А.Абайдельдинова, «Nomad Insurance Сақтандыру компаниясы» АҚ өкілі Б.Нағманов, «Сентрас Иншуранс Сақтандыру компаниясы» АҚ өкілі Д.Масенов баяндамаларын оқыды. Баяндамадан кейін қатысушылар сақтандыру заңнамасын қолданудың тәжірибесін, жиі кездесетін мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.

Талқылауды қорытындылай келе, семинар қатысушылары сақтандыру мәселесіне байланысты дауларды сотқа дейінгі реттеудің міндеттілігін енгізудің қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді. Сонымен қатар, сотқа дейінгі реттеу тәртібі ретінде медиатор көмегіне, сақтандыру омбудсменіне және келісу комиссиясына жүгіну жолдарын ұсынды.

Семинарда «КазкоммерцПолис» АҚ өкілі Р.Жолдасова жұмысшының өмірі мен денсаулығына келтірілетін зиян бойынша жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарының аясында жасалған қайта сақтандыру шарттарымен байланысты талап арыз бойынша мемлекеттік баж көлеміне қатысты мәселелерді көтерді.

Семинар қатысушылары сақтандыру институты туралы халыққа көп мәлімет жеткізу қажеттілігін атап өтті.

Семинар қорытындысы бойынша оған қатысушылар сақтандыру мәселелерін реттейтін заңнама нормаларының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында ұсынымдар әзірледі.

 

 

Павлодар облыстық сотында қылмыстық істе азаматтық талапты қараумен байланысты мәселелер талқыланды.

«Дөңгелек үстел» жұмысына судьялар, прокуратура, ішкі істер департаменті, адвокатура өкілдері қатысты.

«Дөңгелек үстел» қатысушылары талқыланған тақырып шеңберінде азаматтық талап беру, талап арыздың мазмұны мен нысаны, моральдық зиянды өтеу және т.б. мәселелерді көтерді.

Іс-шараны аша отырып, облыстық соттың төрағасы Мұхтар Смағұлов қылмыстық істі қараумен қатар, қылмыстық процесте азаматтық талап қою бойынша шешім бүгінгі күні өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. «Азаматтық талаптың қылмыстық іспен бірге ҚПК-де көзделген тәртіпте қаралуы қылмыспен немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетпен моральды, физикалық, мүліктік зиян келтірілген тұлғаның құқығы мен заңды мүдделерін уақытылы қорғаудың кепілі болып табылады. Осыған байланысты соттар қылмыстық істерді қарау кезінде материалдық және процестік заңдар талабын сақтаумен азаматтық талапты берудің дұрыс шешілуін қамтамасыз етуі тиіс» - деп атап өтті.

Қылмыстық істер бойынша сот алқасының судьясы Ғомар Суханқұлов қылмыстық іс бойынша азаматтық талап арыз берудің маңыздылығын айта келе, сот және сотқа дейінгі тергеу органдары қылмыстық процесте азаматтық талап арыз берудің маңыздылығын түсіндіруі тиіс екенін атап өтті. Ол мемлекет мүддесіне азаматтық талапты беру кезінде прокурор қылмыс нәтижесінде тікелей жасалған материалдық зиян дәлелін растайтын құжаттарды тіркеуі қажеттігіне назар аударды. «Талап арызда айғақты дәлелдерді жөнелту мен сақтауға кеткен, сот сараптамасы органдарында сараптама өткізуге кеткен; Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіпке сәйкес есептелген, сот немесе тергеуден жасырынған күдікті, айыпталушы, сотталушыны іздеу салумен байланысты және т.б. кеткен шығын сомалары көрсетілмеуі тиіс» - деді. Судьяның ойынша, процестік шығындар қылмыстың мүліктік зиянына жатпайды, керісінше қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде жіберілген шығындар болып табылады, сондықтан мемлекет мүддесіне прокурор тарапынан қылмыстық процесте өтініш білдірілмеуі тиіс.

Павлодар қаласының №2 сотының судьясы Жанар Тұрлыбаева қылмыстық процесте азаматтық талап қоюдың түйткілді мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Павлодар қалалық сотының судьясы Айнұр Зиядова «Моральдық зиянды өтеу» тақырыбында сөз сөйледі.

Іс-шара соңында оған қатысушылар соттар мен прокуратура, сотқа дейінгі тергеу жүргізетін органдарының келісілген және бірлескен жұмысының қажеттілігін атап өтті, сондай-ақ басшылыққа алу үшін ұсынымдар (қылмыстық істегі талап арыз үлгілері) әзірленді.

 

Маңғыстау облыстық сотында «Сақтандыру мәселелеріне қатысты дауларды қараудың сот практикасы» тақырыбында өткен семинарға судьялар, сақтандыру компанияларының, адвокаттар алқасының, нотариалдық палатаның өкілдері, медиаторлар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасының міндетін атқарушы Ғабит Бастаубаев республика соттарында азаматтық іс жүргізуде даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) сотқа дейін міндетті реттеуді енгізудің пилоттық жобасы іске асырылып жатқанын айтты. Ол көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру шарттарын орындау және мүлікті өз еркімен сақтандыру шарттары бойынша соттарда қаралатын істерге тоқталды.

Ақтау қаласы №2 сотының судьясы А.Толықбаева осы тақырыпта баяндама жасап, сот практикасындағы сақтандыру заңнамасын қолдану, сақтандыру төлемдерін төлеу, шығындарын өндіріп алу мәселелеріне талдау жасап, оның қорытындыларын баяндады.  

Сақтандыру даулары бойынша медиация рәсімінің қолданылу тәжірибесі туралы кәсіби медиатор Ә.Кемаладинова сөз сөйледі. Ол сақтандыру даулары бойынша татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану маңызды болғанымен, келісімге келуге ынталылар төмен екендігін жеткізді.

Қатысушылар сақтандыру дауларын пилоттық жоба аясында реттеудің тиімді жолдарын ұсынып, өзара пікір алмасты.

 

Қостанай облыстық соты пилоттық жоба аясында «Сақтандыру туралы» заңнаманы қолдана отырып, дауларды шешудегі сот практикасы» тақырыбында «дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға судьялар, адвокаттар, нотариустар, медиаторлар,  сақтандыру компанияларының және  үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Дөңгелек үстелдің» модераторы болған облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Владимир Долгих тақырыптың өзектілігін атап өтті. 

Сақтандыру келісім-шарттырына байланысты дауларды қараудағы мәселелер, сондай-ақ суброгация түсінігінің регресстен айырмашылығы туралы облыстық сот судьясы Ағайша Нұрлымбаева егжей-тегжейлі түсіндірді. Сот тәжірбиесінен нақты мысалдар келтіре баяндама жасаған судья, іс-шараға қатысушыларға сақтандыруға қатысты дауларда бітімгершілікке келтіру рәсімдерінің қолданылатын айтты.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар сақтандыру жағдайының басталуы және сақтандырушыны оның басталғандығы туралы хабардар ету, сонымен қатар, жұмыскерлерді  жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру және қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі зиянды өтеу мәселелерін талқылады.  

Сақтандыру компанияларының өкілдері автонесие алу кезіндегі ерікті сақтандыру  жайына және жол-көлік оқиғасы кезінде өтелетін залал мөлшерін анықтау тәртібіне  тоқталды.

«Дөңгелек үстел» соңында оған қатысушылар алдағы уақытта сақтандыру мәселесі бойынша дауларды шешуде тиімді жұмысты жалғастыруға негізделген ұсыныстарын ортаға салды. 

Қайнар: 
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі, Павлодар, Қостанай және Ақтау баспасөз қызмету