Алматы қаласында өрт сөндіру қызметінің бас маманы пара алғаны үшін сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 соты пара алды деп айыпталған Алмалы аудандық төтенше жағдайлар қызметінің бас маманы Р. Жүнісовке қатысты қылмыстық істі қарады.

Соттың анықтауы бойынша, Р. Жүнісов Алматы қаласы Алмалы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы ретінде өз қызметінің шеңберінде «Тенгиз-Сервис» ЖШС-де өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы бойынша тексеріс жүргізіп, өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғандығын анықтаған. Р.Жүнісов «Тенгиз-Сервис» ЖШС-нің басшысын әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін одан 120 000 теңге көлемінде пара алған.

Сот отырысы барысында Р. Жүнісов кінәсін толығымен мойындап, жасалған іс-әрекетіне өкінетінін айтты.

Сот үкімімен Р.Жүнісов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігінде (пара алу) көзделген қылмыстық іс- әрекетті үшін кінәлі деп табылды. Оған параның алпыс еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 7 200 000 теңге көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды.

Сот сотталушының мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырды. Оны сонымен қатар өртке қарсы қызмет майоры арнайы атағынан айырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі