Алқабилер соты – халықтың сот төрелігін жүзеге асыру мүмкіндігі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының бастамасымен ОҚО-ның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының алқабилер сотына 10 жыл толуына орай, «Алқабилер соты – сот төрелігін жүзеге асырудың демократиялық институты» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Шәріпов, қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары, облыс прокурорының орынбасары, ОҚО ІІД-нің өкілі, облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары мен облыс әкімі аппаратының бас маманы және БАҚ өкілдері қатысты.

Шақырылған қонақтардың арасында алқабилер, Академиялық инновациялық институты мен Қазақстан Халықтар достығы университетінің және Шымкент жаңа технологиялар колледжінің заң ғылымдарының докторлары мен кандидаттары және жергілікті жоғары оқу орындары заң факультеттерінің 50-ге  жуық магистранттары мен студенттері болды.

Конференцияны облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов ашып, Қазақстанның сот жүйесін халықаралық нормаларға сәйкестендіру мақсатында, елімізде 2006 жылғы 16 қаңтарда «Алқабилер туралы» заң қабылданды. Соның нәтижесінде, 2007 жылдан бастап алқабилердің қатысуымен қылмыстық істерді қарау институтының енгізілуі, отандық сот жүйесінің дамуындағы демократиялық қадам болды. Бұл өз кезегінде сот билігін жүзеге асыруына қарапайым халық өкілдерінің қатысуына мүмкіндік берді және ол өзінің өміршеңдігін көрсетіп, қоғамның сотқа деген сенімінің арта түскенін атап өтті.

Конференция барысында ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары, облыс прокуратурасы мен облыс әкімі аппаратының өкілдері және заңгер ғалымдар баяндама жасады. Сонымен қатар, алқабилердің ауыр қылмыстық істерді қарау барысында өздеріне жүктелген үлкен жауапкершілік пен қиындықты сезінген пікірлері де тыңдалды.

Конференция соңында теоретиктер мен практиктер өзара сындарлы ойларымен бөлісіп, алқабилерді іріктеу барысында туындаған және олардың қатысуымен істерді қарау, сонымен бірге заңнамаларды жетілдіру мәселелері бойынша жиынның қорытындысы ретінде ұсыныстар жасады.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі