Алаяқтар құрықталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал полиция бөлімінің бастығы мен жедел-іздестіру уәкілі оңай олжа табудың  жолын ойлап тапқан.

Іс материалдарынан анықталғандай,  ІІД-нің Жол полиция бөлімінен Жалпақтал полиция бөліміне жол жүру ережелерін бұзған автокөлік құралдарының иелеріне қатысты әкімшілік іс құжаттар жолданған. Жергілікті жол сақшыларына осы жол ережелерін бұзған жүргізушілерді жауапкершілікке тарту міндеттелген. Алайда, жоғарыда аталған екі тұлға өздері төлейміз деген желеумен жол ережесін бұзушылардан ақша жинап алған. Тергеумен анықталғандай, олар оңай олжаны жымқырып, қалталарын қалыңдатқан.  

Мұнысы аз болғандай пысақай погондағылар  полиция бөлімінде орналасқан жұмыс компьютерінде «Қазпошта» АҚ-ның реквизиттерін дайындап және қылмыстық ойларын жүзеге асыру үшін «Қазпошта» АҚ-ның түбіртек бланкілерін иемденіп алып, өздерінде сақтаған. Тергеумен расталғандай 18 азамат осы полицейлердің қармағына іліккен. Барлық эпизод бойынша келтірілген залал мөлшері 150 мың  теңгені құраған.  

Сот тергеуінде алаяқ полицейлер тағылған айыпты толығымен мойындады. Олардың кінәлары жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен және іс құжаттарымен беки түсті.

2013 жылғы 22 шілдедегі Жаңақала аудандық сотының үкімімен екі полиция қызметкері  өз қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін, кінәлі деп танылып, мүліктері тәркіленіп, 3 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Олар жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.  

Үкіммен келіспеген тараптар жоғары сатыдағы сотқа шағымдануға құқылы.

Жаңақала аудандық сотының баспасөз қызметі