Ақтөбе облыстық сотының төрағасы М.Әкетай: «Астана – бірліктің символы және қазақстандықтардың мақтанышы»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе облыстық сотында мемлекеттік мереке – Астана күніне орай мерекелік іс-шара өткізілді.

Іс-шараға облыстық соттың судьялары, сот жүйесінің ардагерлері қатысты.

Іс-шараның ашылуы Мемлекеттік гимннің орындалуымен және Ұлттық Ұлан офицерлерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын енгізуімен бастау алды.

Облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай баршаны Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы атынан Астана күнімен құттықтады. Ол Астананы бірліктің символы, ең батыл сәулет идеялары мен Елбасының өршіл тапсырмалары жүзеге асырылған, қазақстандықтардың мақтанышы екенін атап өтті. Еліміздің қол жеткізген жетістіктері бүкіл әлемге белгілі және әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағалануда. Оның жарқын дәлелі – «Универсиада-2017 және «EXPO-2017» бүкіләлемдік көрмесінің өткізілуі болып табылады.

«Елбасы аса маңызды бағдарламалық құжаттарда сот жүйесінің дамуына ерекше назар аударады, сот ісін жүргізу, сот төрелігінің сапасын арттыру бойынша тарихи маңызды реформаларды жаңғырту жоспарланған шаралардың нәтижесі болып табылады. Судьялар, заң үстемдігі мен барлығының заң алдындағы теңдігін қаматамасыз ете отыра, Елбасы алға қойған ауқымды шараларды жүзеге асыруға белсенді қатысулары керек. Осылайша, біздер еліміздің жаңғыруына және ортақ мақсатымыз -  Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруіне өз үлесімізді қосамыз» - деп атап өтті Мұратғали Әкетай.

Іс-шара барысында бірқатар судьялар Қазақстан Республикасы Судьялар Құрмет Грамотасымен марапатталды.

Салтанатты түрде жаңа қызметтік автокөліктің кілттері табыс етілді.

Соттар әкімшісінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен ерекшеленген сот мамандары да марапатталды.

Салтанатты іс-шараға қатысушыларға Астананың құрылуы туралы «Елбасы арманы» атты қысқаметражды деректі фильм және Ұлттық Ұлан оркестрі мен облыстық филармония өнерпаздарының орындауындағы мерекелік концерт көрсетілді.

 

Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев құттықтау сөзінде: «Елордамыз тек Астана ғана емес, елдігіміздің нышаны, береке-бірлігіміздің ұйытқысы, абыройымыздың айғағы болып отыр», - деді.

Астананың қалыптасуы мен даму жолы туралы толық баяндама жасаған облыстық соттың судьясы Гүлманат Артықбаева елордамыз әлемдік қалаға айналғанға дейінгі жүріп өткен жолы, жеткен жетістіктері туралы айтты. 

Облыс соттар әкімшісі басшысы Әбдіжәми Құлдүйсенов әріптестерін құттықтап, сот жүйесінде ұзақ жылдар мінсіз қызмет атқарып, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген сот мамандарын марапаттады.

Мереке қарсаңында облыс соттары мамандарының арасында «Астана - менің елордам, Еуразия жүрегі»  тақырыбында эссе конкурсы жарияланған болатын. Конкурстық комиссия түскен 26 жұмыстың ішінде үшеуін үздік деп тапты. Бірінші орынды Жітіқара аудандық сотының жетекші маманы Ғазиза Кеңесбаева, екінші орынды Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының кеңсе меңгерушісі Ақмарал Хасенова иеленді. Үшінші орын Қостанай аудандық сотының сот приставы Дархан Ғалымовқа берілді.

Жеңімпаздарды конкурстық комиссия төрағасы болған облыстық «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Кәкімжановты құттықтап, естелік сыйлық тапсырды.

Жиын соңында әр сот өзінің концерттік қойылымын ұсынды.  

 

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов  Астана күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шарада бұл  мереке қазақстандықтар бірлігінің үлгісіне, Қазақстан Республикасының жетістіктерінің және егемендігінің тұрақтылығымен біздің жас мемлекетіміздің  нарықтық өсуінің нышанына айналғанын атап өтті.

Тарихи қысқа мерзім ішінде қала нарықтық және мәдени өмірдің орталығына айналды. Бұған дәлел 10 маусым мен 10 қыркүйек арасында  Астана қаласында «ЕХРО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі өткізілуде. Астана қаласында «ЕХРО-2017»  көрмесін өткізу  Қазақстанның  басты  жобасының бірі болып табылады. Еліміздің елордасында мұндай ауқымды шараны өткізу Елбасының бастамасы екенін, облыстық сот төрағасы атап айтты.

Ерлан Айтжанов қатысушыларға зор денсаулық, табыс, бақ-береке мен амандық  тіледі.

Салтанатты түрде облыстық соттың  судьясы Мұрат Мұқанов сот жүйесіндегі көп жылғы еңбегі, сот төрелігін жүзеге асырудағы табыстары, судьялар қоғамындағы қоғамдық жұмыстарға белсенділігі үшін Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен марапатталды.

Іс-шара Қазақстанның елордасы – Астана туралы деректі фильм көрсетілді.

 

Павлодар облыстық сотының төрағасы Мұхтар Смағұлов Астана күнін мерекелеу қарсаңында соттың судьялары мен мамандарының қатысуымен мерекелік іс-шара өткізді.

«Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің табысы мен гүлденудің нысаны Астанада ұлтымыздың бай салт-дәстүр нышандарымен қатар, бүкіләлемдік мәдениеттің элементтері жарасымды үйлесім тапқан. Қазақстанның жаңа астанасын құру идеясының бастамашысы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астананың бейнесіне терең саяси және рухани мағына қалады. Біздің астанамызда саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени өзекті мәселелер бойынша ірі халықаралық кездесулердің өткізілуі бұған дәлел. Астана көптеген серпінді жобалар үшін үлгі болатынына сенімдімін. Осы жобалардың іске асырылуына біздің облысымыздың әрбір тұрғыны да күш салуға тиіс», - деді сот төрағасы.

Іс-шара шеңберінде Астананың құрылу мен дамуы тарихы туралы «Еуразия жұлдызы» атты деректі фильмі тамашаланып, мерекелік концерт өтті.

 

Қызылорда облыстық сотында Астана күніне арналған мерекелік жиын өткізілді. Жиынды ашқан облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев Астана күні мерекесінің тарихына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық көрегендігімен бас қала атанған, ажары кіріп, айбыны асқақтаған Астана бүгінгі күні еліміздің бойтұмарына айналды, тұрақты дамудың, өсу мен өркендеудің даңғыл жолына түсті. Биыл бас қаламызда өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі осы сөзімізге дәлел», - деді Қамбар Нұрышев.

Астана күнін мерекелеу қарсаңында отставкадағы бірқатар судьялар мен облыстық соттың судьяларына «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің билеттері табысталды.

Сонымен бірге, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Азамат Жұмамұратов сот саласында 16 жыл абыройлы қызмет атқарып, бүгінгі күні басқа қызметке ауысуына байланысты Димаш Байдушевке Құрмет грамотасы тапсырды.  

Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында Астана күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, ОҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшылығы мен мамандары қатысты.

Жиынды облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Зиядинхан Пірнияз ашып, жаңа елорданың Отанымыздың мықты әлеуетін көрсеткен ауқымды мега жоба болып табылатынын және қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына айналғанын атап өтті.

Сонымен қатар З.Пірнияз қатысушылардың назарын Астананың бүгінде халықаралық маңызы бар түрлі форумдар мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналып отырғанына аударды.   «Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайлары, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Соңғы жылдары ЕҚЫҰ-ның саммиті, ШЫҰ мен ИҰҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. Ал биыл еліміздің бас қаласында «EXPO-2017» халықаралық көрмесі жоғары деңгейде өтіп жатыр», - дей келе. Зиядинхан Әбдібайұлы қатысушыларға денсаулық, бақыт, құт-береке тіледі. Одан кейін облыстық соттың судьясы Гүлмира Қыдырбаева баяндама жасап, Астананың тарихы мен оның әлемдегі рөлі туралы айтты. Сонымен қатар, салтанатты жиында облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов, ОҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаев және Судьялар одағының облыстық филиалының төрағасы Ақылбек Елшібаев қатысушыларды мерекемен құттықтады.

Іс-шара барысында облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы З.Пірнияз бен ОҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшысы О.Лештаев бірқатар судьялар мен мамандарды Астана күні мерекесіне орай марапаттады.

Салтанатты жиын соңында қатысушылардың назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Шығыс Қазақстан облыстық сотында Астана күніне арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Оған облыстық соттың, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, облыстық соттың кеңсе мамандары қатысты.

Аталған мерекелік іс-шараны ашқан  облыстық соттың төрағасы м.а. Қайрат Шақпантаев өз сөзінде Астана күні мерекесі халық үшін тарихи-мәдени маңызы зор, әрі Қазақстан Республикасы жетістіктерінің символы болып табылатындығын айтты.

Қазіргі күнде Астана – Қазақстанның инновациялық орталығы, барлық әлеуетін таныту арқылы бүкіләлемдік «ЕХPО–2017» көрмесін өткізуде.

"Бұған Мемлекет басшысының қосқан үлесі орасан зор. Әсіресе, сот жүйесінің тиімділігін арттыруға  баса назар аударылуда. Біздің мақсатымыз сот төрелігін сапалы жүзеге асыру, азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғау", - деді Қ.Шақпантев.

Іс-шара соңында облыстық сот төрағасы м.а. Қайрат Шақпантаев барлық қатысушыларды – Астана күні меркесімен құттықтап, дендеріне  саулық, бақыт, бірлік пен татулық тілеп, ізгі тілегін білдірді.

Судьялар одағы ШҚО филиалының төрағасы Ғалия Алипанова Астана күні мерекесіне орай судьялар мен сот мамандары арасында бильярд және үстел теннисінен өткізілген сайыстың нәтижесін жариялады.

Тартысты өткен сайыстың нәтижесінде облыстық соттың судьясы  Мирхат Саханов жеңімпаз атанды. Екінші орынды облыстық соттың судьясы Еркінбек Садықов иеленсе, Өскемен қалалық сотының судьясы Айжан Рамазанова  үшінші орынға лайық деп танылды. 

Үстел теннисінен бірінші орынды сот приставы Сырым Нұртазин, екінші орынды іс-қағаздар жүргізушісі Ерсін Ақпанов, үшінші орынды бас маман  Жандос Нұғманов иеленді. 

Сайыстың жеңімпаздар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Батыс Қазақстан облыстық сотында мемлекеттік мереке – Астана күніне орайластырылған салтанатты іс-шара өтті

Іс-шараға облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары және сот қызметкерлері қатысты.

Мерекелік іс-шара Мемлекеттік әнұранмен ашылды.

Батыс Қазақстан облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Адранов барлық қатысушыларды Астана күнімен құттықтап, Қазақстанның саяси-әкімшілік орталығы, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің символы екенін айты. Қазақстанның 1920 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі даму тарихына тоқталды. «Астана – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы, Қазақстан халқы қол жеткізе алатын шексіз мүмкіндіктердің үлгісі», - деді.  

 Сонымен бірге, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Ақан Жұмағұлов қатысушыларды Астана күнімен құттықтап, отбасылық бақыт, шаттық пен қуаныш, зор денсаулық, жемісті еңбек тіледі.

Іс-шара барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Нұрлан Қажғанов облыстың сот жүйесінің дамуына зор үлес қосып, еңбегімен ерекшеленген бірқатар сот қызметкерлерін марапаттады.

Мерекелік іс-шара сот мамандарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

 

Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов Астана күніне орай өткізілген салтанатты жиында судьялар мен сот қызметкерлерін мерекемен құттықтады.

Сот төрағасы бұл күн Отанымыздың әрбір шынайы патриот азаматы үшін ерекше мереке екендігін атап өтті. Ал, «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің Астана қаласында өтуі бүкіл әлемге біздің елдің халықаралық экономикалық қарым-қатынастарының деңгейін, ұлтаралық татулық пен елдің ішкі жұмысына ешкімнің араласуына жол берілмейтіндігін көрсетуге тағы бір үлкен мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Жиынға қатысушылар ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулеттік нақышпен бой түзеген әсем қаланың сұлу бейнесі мен «EXPO-2017» халықаралық көрмесі туралы деректі фильмді тамашалады.

Қайнар: 
жергілікті соттардың баспасөз қызметтері