Ақтауда судьялар мен банк өкілдері коммуналдық және банктік төлем қарыздарын өндіру мәселелерін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Маңғыстау облыстық соты өткізген "дөңгелек үстелге" қатысушылар төленбеген коммуналдық төлемдер мен банктік борыштарды өндіру жөніндегі дауларды сотқа дейінгі және медиация тәртібімен шешу мәселелерін талқылады.

Іс-шараға облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төраға м.а. Ғабит Бастаубаев пен барлық судьялар, екінші деңгейлі банк пен басқа да мекемелердің заңгерлері, сондай-ақ, медиаторлар мен БАҚ өкілдері қатысты.

"Дөңгелек үстел" басында қатысушылар банктік борыштарды өндіру туралы істерді қарау барысында сот практикасында туындайтын мәселелерді ортаға салды. Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Едіге Бегеновтің келтірген ақпаратына сүйенсек, бүгінгі күні азаматтардың екінші деңгейлі банктердің алдындағы берешектері өте көп. Нәтижесінде осы салада қаралатын даулар да азаймай тұр. Баяндамашы банк өкілдері мен басқа да қатысушыларға «Дауды сотқа дейінгі реттеу» туралы пилоттық жоба аясында мұндай істердің барлығы ендігі жерде міндетті түрде алдымен медиаторлардың көмегімен қаралатынын түсіндірді. 

Облысқа танымал кәсіби медиатор, Маңғыстау облысы кәсіби медиаторлар орталығының басшысы Әдемі Кемаладинова соңғы жылдары азаматтардың медиация институтына жүгінуі артып отырғанын, әлі де қаншама істерді сотқа жеткізбей шешуге болатынын айта келе, бұл бағытта медиаторлар атқарып отырған жұмыстар туралы айтып өтті.

Жиында қатысушылар өзара еркін пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Қайнар: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі