Ақмола облыстық сотының төрағасы Көкшетау қаласының Достық үйінде татуластыру рәсімдерін дамыту мәселелері бойынша «дөңгелек үстел» өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Көкшетау қаласының Достық үйінде «Татуластыру рәсімдерін дамыту. Оларды шешудің жолдары мен мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

Іс-шараға Ақмола облысының прокуроры, ІІД қызметкерлері, «Қоғамдық келісім» қоғамдық бірлестігі, жергілікті соттардың судьялары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, адвокаттар алқасы, нотариалдық палата және отставкадағы судьялар қатысты.

Д.Әміров «дөңгелек үстелдің» жұмысын аша отырып, 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация туралы» ҚР Заңының қабылданғанын айтып өтіп, медиация – бұл тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі екенін атап өтті.

2017 жылдың 7 айында статистикалық мәліметтерге сәйкес 27 454 азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер аяқталған, оның ішінде 851 іс бойынша медиация қолданылған, яғни 3,1 пайыз, ал республикалық көрсеткіш 4,0 пайызды құрайды. Осыған байланысты өңіріміздегі медиация бағытындағы жұмысты белсендетуіміз қажет - деді сот төрағасы.

Ақмола облыстық соты және «Қоғамдық келісім» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп Достық үйінің интернет-ресурсында «Медиаторға өтінім беру» сілтемесі әзірленді. Функционалды азаматтар үшін қолайлығы үйден шықпай ақ қашықтықтан медиаторды таңдауға мүмкіндік береді. Ол туралы Ақмола облысы бойынша Соттар әкімшісінің ақпараттық технологиялар мен ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің басшысы А.Макишев түсіндіріп өтті.

Іс-шара барысында отставкадағы судья Ғ.Сыздықова «Өңіріміздегі медиацияны дамытудың өзге де сұрақтары», «Ақмола облысы бойынша медиацияны дамыту орталығы» РҚБ өкілдігінің директоры А.Әміржанов «Медиацияның өзекті мәселелері», Ақмола облысы бойынша медиация орталығының басшысы А.Қазыбеков «Медиаторларды дайындау мәселелері», адвокаттар алқасының адвокаты С.Дүкенова «Татуластыру рәсімдерін дамытуда адвокатураның рөлі», нотариалдық палатаның төрағасы Н.Кубитаева «Нотариалдық қызметтегі медиация» тақырыбында, сонымен қатар, Ақмола облысы ІІД зоналдық бақылаудың тергеушісі Г.Кабибулина медиация мәселелері бойынша сөз сөйледі.

Іс-шара соңында «дөңгелек үстелге» қатысушылар кәсіби емес медиаторлар санын тарту мәселелерін талқылап, тиісті ұсыныстар енгізді. 

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі