Ақмола облыстық сотының төрағасы Д.Әміров алты ауданда тұрғындармен жұмыс кездесуін өткізіп, азаматтарды қабылдады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Зеренді, Сандықтау, Атбасар және шалғай орналасқан Жақсы, Есіл мен Жарқайың аудандарына барды.

Әр ауданда облыстық сот төрағасы әкімдер, депутаттар, партиялық бірлестіктер, БАҚ, ҮЕҰ өкілдері, құқық қорғау құрылымдары мен мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, адвокаттар, медиаторлар, ардагерлер мен ауылдық округтердің тұрғындарының қатысуымен жұмыс кездесулерін өткізді.

Облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров тұрғындармен кездесу барысында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын түсіндіре отырып, «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында Жоғарғы Сот өткізген «дөңгелек үстелдің» қарары бойынша іс-шараларды  облыс соттары іске асырып жатқандығын атап көрсетті.

Сот төрағасы кездесуге қатысушыларды іс-шараларға белсенді түрде қатысуына шақыра отырып, облыс соттары өткізетін іс-шаралар аясында өскелең ұрпақтың рухани-мәдени білімін арттыру мақсатында кездесулер, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыру, билерді, қазақ зиялыларын, мәдениет және өнер қайраткерлерін еске алу кештерін өткізу, мұрағаттар, мұражайлар және кітапханалармен байланыс жасауды, сонымен қатар, тарихи-танымдық байқаулар өткізу көзделгендігін атап өтті.

Досжан Әміров аудан ақсақалдары мен жергілікті атқару органдарының өкілдеріне тарихи тұлғалардың есімдерін жаңғырту, ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында әкімшілік-географиялық нысандарды белгілеп, олардың есімдерімен атауға ат салысуға шақырды. Облыстық соттың төрағасы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру мақсатында органдар мен ведомстволар арасында сот ісін жүргізу мен іс жүргізуде және ведомствоаралық хат алмасуда қазақ тілін қолдану қажеттігіне тоқталды. 

Досжан Әміров сот жүйесіндегі реформаларды, атап айтқанда, алқабилер сотының дамуы, татуластыру рәсімдерін қолдану, ақпараттық технологиялар, сот шешімдерін орындау, БАҚ және ҮЕҰ-ның өзара байланысы және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтып өтті.

Сонымен қатар, Ақмола облыстық сотының төрағасы, Атбасар ауданының медиаторы Абай Ғабдуллин, Жақсы ауданының медиаторы Маржан Сейтенова, Есіл ауданының медиаторы Гүлдер Аманжолованы аудандарда медиацияны дамыту мен қолдану жұмысында белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Ақмола облыстық сотының төрағасы аталған алты ауданда азаматтарға қабылдау жүргізіп, отыздан астам азамат пен заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдап, олардың тараптарынан қойылған сұрақтары мен өтінімдерін тыңдады. Барлық жүгінген азаматтардың сұрақтарына жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жарқайың ауданында кездесу барысында Досжан Әміров аудандық сотының әкімшілік ғимаратын салу жұмыстарымен танысу мақсатында үш құрамды аудандық сот ғимаратының құрылыс нысанына барып, мердігермен кездесті және жүргізіліп жатқан жұмыстарына бағасын берді.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі