Жоғарғы Сотының судьясы Е.Әріпов: «Қылмыстық заңның кері күші», «Zakon.kz», 17.05.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Конституциялық талаптарға сәйкес жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды

Заманына қарай заңы демекші, мемлекетімізде жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаларды реформалау барысында 2015 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілген Қылмыстық кодекске (бұдан әрі – ҚК) қылмыстық жазаны ізгілендіру мақсатында коптеген нормалар енгізіліп, қылмыстық заңның кері күшінің қолданылу аясы кеңіді.

Алайда, ҚК-нің 6-бабын қолдануда біркелкі сот тәжірибесінің қалыптаспауы, қылмыстық заңның бұл нормасын қолдануда туындаған кейбір сұрақтардың құқықтық тұрғыдан реттелмеуі жергілікті соттар үшін қылмыстық заңның кері күшінің қолданылуына қатысты сот істері қаралғанда әжептәуір қиындықтар мен қарамақайшылықтарды туындатты.

Бұған дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 28 қазандағы №7 «Соттардың «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2002 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысында қылмыстық заңның кері күшінің қолданылуының кейбір мәселелері ғана реттеліп, негізінен ҚК-нің 58-бабының қолданылуы аясында ғана түсініктеме берілген болатын.

Сондықтан да, қылмыстық заңның кері күшінің қолданылуы бойынша дұрыс және біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысының 2016 жылдың 22 желтоқсаныдағы шешімімен №15 «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 6-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы» нормативтік қаулы қабылданды.

Бұл нормативтік қаулы Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 28 қарашада ратификациялаған және оның аумағында 2006 жылғы 24 сәуірден бастап күшіне енген 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 15-бабының талаптарына негізделген.

Конституциялық талаптарға сәйкес жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.

Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады.

Нормативтік қаулыда әрекеттiң қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, неғұрлым жеңіл жазаны көздейтін, құқық бұзушылық жасаған адамның жағдайын өзге түрде жақсартатын, сол сияқты жауаптылықты немесе жазалауды жұмсартатын заңдарға кеңінен түсініктемелер берілді.

Қылмыстық заңның кері күшін қолданудан туындаған сұрақтарды шешудегі соттардың құзыреттіліктерінің шектеріне түсініктеме беріліп, сот өндірісінде, сол сияқты үкімді орындау тәртібінде қаралатын істер бойынша заңның кері күшін қолдану механизмі мен тәртібі анықталып, бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар, үкімдер орындау тәртібімен қайта қаралмаған жағдайда ҚК-нің 6-бабының талаптарына жататын адамдарға қатысты алдыңғы үкімдерді сәйкес келтіре алатындықтары нақтыланды.

Ал, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күн мен үкім, не апелляциялық сот актісі шығарылған күн арасында қылмыстық заң бірнеше рет өзгерген жағдайларда, қылмыстық жауаптылыққа тартылған адам үшін неғұрлым қолайлы қылмыстық, оның ішінде аралық заңның да қолданылу мүмкіндігі айқындалған.

Нормативтік қаулының 4-тармағында егер жаңа қылмыстық заң бұрынғы заң сияқты санкция белгілейтін болса және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жағдайын қандай да болмасын жақсартпаса, онда оның кері күші болмайтындығы және ол қолданылуға жатпайтындығы, бұл жағдайда іс-әрекеттің қылмыстылығы мен жазалануы осы іс-әрекет жасалған уақытта қолданыста болған заңмен айқындалатындығы түсіндірілген.

Сонымен қатар, соттардың қылмыстық заңның кері күші туралы қағидаларды қолданған кезде сол бір мәселе бойынша, бір мезгілде жаңа және ескі қылмыстық заңның қылмыстық жауаптылыққа тартылған адам үшін жағдайды жақсартатын нормаларды таңдап қолдануға жол берілмейтіндігі, керісінше ол үшін тек қана қолайлы құқықтық салдарға әкелетін норма ғана қолданылатындығын ескеру қарастырылған.

Егер жаңа қылмыстық заң қолданысқа енгізілген кезде заңды күшіне енген сот үкімі болса, онда қылмыстық заңның кері күшін қолдану Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан әрі – ҚПК) 476-бабының 15-тармағының ережеле-ріне сәйкес, үкімді орындау тәртібімен жүзеге асырылады. Бұл ретте істі тоқтату, жазадан босату немесе жазаны жеңілдету, сотталған адам жасаған іс-әрекетті саралауды өзгерту, жазалау мерзімін қысқарту туралы және қылмыстардың қайталануы туралы мәселелер қаралады. Бұл мәселелерді аталған Кодекстің 477-бабының 1-бөлігіне және 478-бабының 3-бөлігіне сәйкес үкімді орындау жері бойынша аудандық немесе оған теңестірілген сот, ал ол болмаған кезде сотталған адамның өтінішхаты бойынша не жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша жоғары тұрған сот шешеді.

Үкімді орындауға байланысты мәселелерді қараған кезде сот, адамның іс-әрекетінінің саралануын жаңа қылмыстық заңның бабына сәйкес ауырлығы аз қылмыстық құқық бұзушылыққа өзгерту және жазаны осы баптың санкциясының шегінде азайту, қосымша жаза қолданбау арқылы қылмыстық заңның кері күшін қолдануға құқылы.

Бұл ретте сот үкімін дәлелдемелерді, қылмыстық процестегі азаматтық талап қою және ҚПК-нің 476-бабында көзделмеген басқа да мәселелерді шешуді бағалау бөлігінде қайта қарауға құқығы жоқ.

Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазалануын жоятын немесе іс-әрекетті қылмыстықтан арылтатын заң қабылданған жағдайда, сот ҚК-нің 6-бабын қолданып, азаматтық талап қою туралы мәселені ҚПК-нің 170-бабының 4-бөлігінде көзделген тәртіп бойынша қараусыз қалдырады.

Нормативтік қаулының маңызды тұстарының бірі, ол үкімді орындау сатысында ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігін қолданған кезде, сот үкімде сотталған адамдарға жазаны мұндай деп танымаған жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларға сілтемемен тағайындаған немесе іс бойынша жеңілдететін мән-жайлардың бар екендігі анық болса да, үкімде оларды есепке алу туралы көрсетілмеген жағдайларда, соттардың заңның кері күшін қолдану тәртібі келесідей анықталған.

Атап айтқанда, егер үкімде іс бойынша қылмыстық жауаптылықты және жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлардың бар екендігі, не болмаса ҚК-нің 53, 54-баптарында көрсетілген сол немесе өзге мән-жайларды сот жаза тағайындаған кезде ескеретіндігі туралы көрсетілмесе, онда соттың мұндай мән-жайлардың бар екендігін тануға және көрсетуге құқығы жоқ.

Ал, егер де сот үкімде сотталған адамға жаза тағайындаған кезде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың бар екендігін танымаса, бірақ іс жүзінде бұл мән-жайларды үкімде тізбелеу арқылы көрсетсе, онда сот үкімді орындау тәртібімен іс бойынша мұндай мән-жайлардың бар екендігі туралы тұжырым жасауға құқылы.

Нормативтік қаулының 14-16 пункттерінде қылмыстық заңның кері күші қолданылатын адамдарға қатысты үкімдерді жаңа заңға сәйкестендіргенде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жазаның мөлшерін анықтау ережесі бекітілген.

Ол бойынша ҚК-нің 58-бабының 2 және 4-бөліктерінде онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, сондай-ақ, егер қылмыстық құқық бұзушы-лықтардың жиынтығы өзіне ең болмағанда бір аса ауыр қылмысты және жасағаны үшін айыппұл тағайындалған қылмыстық теріс қылықты қамтыса, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы ғана түпкілікті жазаны тағайындау көзделген.

Осыған байланысты, егер осы норма қолданысқа енгізілгенге дейін адам онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, сондай-ақ аса ауыр қылмысы және жасағаны үшін айыппұл тағайындалған қылмыстық теріс қылығы үшін сотталса және оған жаза оларды ішінара немесе толық қосу арқылы тағайындалса, онда сот үкімді орындау тәртібімен онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы айқындайды.

Ал, аталған баптың 3-бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы жаза тағайындаудың қосымша қағидасы көзделген.

Осыған байланысты, егер жаңа қылмыстық заң қолданысқа енгізілгенге дейін адам, ең болмағанда бір ауыр немесе аса ауыр қылмысты қамтитын қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталған болса және оған жаза оларды ішінара немесе толық қосу арқылы тағайындалса, онда соттың үкімді орындау тәртібімен онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру қағидасын қолдануға және сотталған адамға жазаны азайтуға құқығы жоқ.

Адам заң қолданысқа енгізілгенге дейін ауыр және аса ауыр санатқа жатқызылған және оған жаза қылмыстардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара немесе толық қосу арқылы тағайындалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін сотталған кезде, сот үкімді орындау тәртібімен, егер бұл іс-әрекет заңда қылмыстық теріс қылықтарға, сондай-ақ онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстық құқық бұзушылықтар санатына жатқызылса, қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру қағидасы қолданылады.

Егер үкімде жазаның белгілі бір мерзімін тағайындау туралы шешім 1997 жылғы редакциясындағы ҚК-нің 59-бабының 2-бөлігінде көрсетілген мән-жайлардың болуымен негізделіп (қылмыстардың қайталануы), одан осы норманы қолдануды алып тастаған кезде, сот анықталған істің мән-жайын ескере отырып жазаның мерзімін қысқарту туралы не жазаны жеңілдету туралы мәселені талқылауы тиіс. Бұл ретте үкімді орындау сатысында, соттың осы үкімімен анықталған істің мән-жайларын жаңадан бағалауына, сондай-ақ жаза баптың санкциясы шегінде тағайындалғандығына ғана сілтеме жасауына жол берілмейді.

Нормативтік қаулының назарға алатын тұстарының тағы бірі, ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қатаң не айрықша режимдегі түзеу колонияларында жазасын өтеп жатқан адамдарға, тиісінше қылмыстар қайталанған және қауіпті қайталанған кезде және онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысы үшін қайтадан сотталғандарға қатысты үкімді орындау тәртібімен өтінішхатты қараған кезде, соңғы үкімнен ҚК-нің 14-бабына сәйкес қылмыстардың тиісті қайталануы алынып тасталады.

Мұндай адамдарға жазаның өтелуі қатаң не айрықша режимдегі колонияларда сақталуы тиіс, өйткені бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзімі және түзеу колониясының түрі ҚК-нің 46, 60-баптарының негізінде айқындалады.

Жаңа, неғұрлым жеңіл қылмыстық заңның кері күші туралы қағида, сотталған адамның және жазасын өтеп жатқан немесе жазасын өтеп келген, бірақ күші жойылған неғұрлым қатаң заң бойынша сотталғандығы бар адамдарға да қолданылады.

Соттардың жазасын өтеп келген адамдарға қатысты қылмыстық заңның кері күші туралы қағидаларды қолданған кезде мыналарды ескергені жөн:

- егер жаңа қылмыстық заң жауаптылықты жеңілдететін, қылмыстылықты немесе жазаланатын іс-әрекетті (қылмыстықтан арылтуды) жоятын болса, бірақ осы қылмыс үшін жаза өтелген немесе орындалған болса және жаңа заңды қолдану сотталған адам үшін құқықтық салдарға әкеп соқпаса, онда жаңа заң қолданылмайды. Мұндай жағдайда өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартылады;

- егер адам жазасын өтегенімен, сотталғандығы жойылмаса, ал жаңа заңды қолдану сотталған адам үшін сотталғандықтың жойылу мерзімдерін азайту, қылмыстардың қайталануын алып тастау сияқты құқықтық салдарларға әкеп соқса, жаңа қылмыстық заң қолданылуға жатады.

Мұндай адамдардың өтінішхаттары үкім шығарылған сотта қаралады.

Жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынысын, я болмаса сотталған адамның кері күші бар қылмыстық заңның шығуы салдарынан жазадан босату немесе жазаны жеңілдету туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы, мұндай өтінішхатты немесе ұсынысты қараусыз қалдыру туралы қаулыға ҚПК-нің 49-тарауында белгіленген тәртіпте шағымдалу мен наразылық білдірілуі мүмкін.

Сот, бұрын кері күші бар қылмыстық заңның шығуы салдарынан жазадан босату немесе жазаны жеңілдету туралы жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы, я болмаса сотталған адамның өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарған болса, осы негіздер бойынша қайтадан берілген ұсыныс пен өтінішхат қаралмастан қайтарылуға жатады.

Егер көрсетілген мән-жай соттың осындай ұсыну мен өтінішхатты қарау барысында анықталса, онда олар бойынша іс жүргізу тоқтатылуға тиіс. Бірақ, бұл басқа негіздер бойынша қайтадан ұсыну немесе өтінішхат беруге кедергі келтірмейді.

Қорыта келгенде, жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 6-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы» нормативтік қаулы қылмыстық заңның кері күшін қолдануға қатысты мәселелер бойынша дұрыс және біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыруға септігін тигізетіні анық.