Нұрлыбек Досыбай, «Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: Еліміздегі сот қызметі реформаға сай дамып келеді» // «Егемен Қазақстан», 23.01.2016ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Кеше Жоғарғы Сотта жоғары сот органы судьяларының өткен жылы сот төрелігін атқарудың қорытындысы бойынша «Заң үстемдігін қамтамасыз ету – соттардың басты міндеті» тақырыбы аясында алқа мәжілісі өтті. Іс-шараға Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, облыстық соттардың төрағалары, Судьялар одағы мен соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы қатысты.

Алқалы жиынды ашқан Жо­ғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың прак­ти­калық кезеңін іске асыру бастал­ғанын атап өтті.

Осы кезге дейін 59 заң күшіне енді, олар мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық ортаны құрайды. Мемлекеттік құрылыстың осы кезеңіне көшу бес институттық реформамен айқындалады. Барлық бес институттық реформаның табыс­ты орындалуы заң үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей тәуелді, – деген Қайрат Әбдіразақұлы бұл міндет кеңейтілген қорытынды мәжілістің басты тақырыбына айналып отырғандығын атап өтті.

Сондай-ақ, отырыста азаматтық және әкімшілік істер бойынша құқық қолдану практикасының өзекті мәселелері туралы Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбді­қадыров та сөз алды. Ол бірың­ғай сот практикасын қалыптастыру – қоры­туларды жүргізу, нормативтік қаулыларды қабылдау, сот іс­тері­нің электронды жіктегішін жа­сау және енгізу бойынша жұ­мыс­­­тың маңыздылығына тоқтал­ды.

– 2015 жылы соттардың оңал­ту және банкроттық туралы заң­на­маны қолдануы, азаматтардың тұрғын үйді жекешелендіруі, авторлық құқық және сабақтас құқықтар, моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдану практикасы, сот төрелігіне қол жеткізу құқығы және Жоғарғы Соттың сот актілерін қай­та қа­рау жөніндегі өкілеттілігі туралы нор­мативтік қаулылар қабылданды, – деді.

Сонымен қатар, қылмыстық істер бой­ынша сот төрелігін сапалы жүзе­ге асыру туралы айтқан Жоғарғы Сот­тың қылмыстық істер жөніндегі сот ал­қасының төрағасы Абай Рахметулин өткен жылда республика соттарына 2014 жылмен салыстырғанда бес мыңға артық қылмыстық істер түскен­дігін мәлімдеді. Оның пікірінше, тергеу судьялары инс­титуты жұмыс істе­ген кезеңінде қалыптасып, өзін-өзі ақта­ған. «Жалпы алғанда өткен жылы тергеу судьяларының қарауына 25 мың­нан астам өтінішхат, шағым және ұсыным түсті. Оның ішінде 2 732 өтініш ҚПК-нің 106-бабының тәртібінде қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және прокурор шешіміне, олардың бірқатары толық көлемде немесе ішінара қанағаттандырылған», деді ол.

Жоғарғы Сотта құрылған жаңа мамандандырылған сот алқасының жұмысы жөнінде аталған меке­ме­нің төрайымы Айгүл Қыдырбаева сөйледі. Оның сөзіне қарағанда, инвес­тициялық даулар бойынша жеке сот ісін жүргізуді қалыптас­тыру «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 23-қадамында көрсе­тілген бағыттар бойынша пікір білдіріп, инвестициялық алқаның соттылығы мен Жоғарғы Сот жанында құрылған Халықаралық кеңес қызметі туралы кеңінен баян­дады. Мәжілісте Жоғарғы Сот судьясы, Сот жюриінің төрағасы Моряк Шегенов, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин және Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов сөз алып, жиналғандарды электрондық сот төрелігін енгізу бойынша атқарылған жұмыс туралы хабардар етті. Құқық қорғау саласындағы құзырлы органдар арасында сот органдарының «Төрелік» атты автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі өткен жылдан қолданыла бастағаны да айтылды. Сонымен қатар, істерді автоматты түрде бөлудің тетігін жетілдіру, сот жүйесін мүдделі мемлекеттік орган­дардың ақпараттық жүйе­лері­мен ықпалдастыру, «Сот каби­неті» сервисін дамыту сынды тақы­рыптар да күн тәртібіндегі талқыға түскен мәселелердің бірі болды.

Жиын соңына қарай отырысты қорытындылаған Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы Мәми биылғы жылға бірқатар міндет­терді жүктеді.

Оның айтуынша, көрсеткіштер соттардың өткен жылғы сот төре­лігін іске асыру бойынша сапалы жұмысын куәландырған: 2015 жылы соттар істерді 2,5 пайыз­­ға артық аяқтаған, сот акті­лері­­нің абсолюттік көпшілігі заңды әрі негізді деп танылған. Ал жаңа қылмыстық және қыл­мыс­­тық-процестік заңнаманың жағ­дай­ларында соттарға түскен барлық қылмыстық істердің үш бөлігі­нен астамы қылмыстық теріс қы­лықтарды құраған. Әрбір онын­шы іс бойынша сотқа дейінгі тер­геу жеделдетілген тәртіпте аяқта­­лып, 1 423 іс бойынша жеңіл­де­тіл­ген сотқа дейінгі тергеу жүр­гізіл­ген. Кінәні мойындау туралы мәмі­лелер бойынша да белгілі практика қалыптаса бастаған. Мұ­ны келісімдік іс жүргізуде қарау үшін 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс түсуінен де аңғаруға болады екен.

Сондықтан да сапалы судья­лық корпусты қалыптастыру мәселелерінде сот төрелігін жо­ға­ры моральдық қағидаттары бар ең лайықты кәсіби мамандар іске асыруға тиіс әрі асырады да. Осы­ған байланысты Жоғары Сот Ке­ңесі түбегейлі реформаланды. Сот төрелігі институтын Жоғар­ғы Соттың қарамағына беру мәсе­лелері заңнамалық деңгейде шешілді.

Атап айтқанда, «100 нақ­ты қадам» Ұлт Жоспарын орындау бойынша қажетті заңнамалық жұмыс атқарылып, сот жүйесін реформалау жөніндегі 11 қадам­ның барлығын іске асыру бойынша қажетті заңнамалық жұмыс атқарылды, – деді Қайрат Әбдіразақұлы.

Жалпы, 2016 жылдан бастап енгізілген сот ісін жүргізудің үш сатылы үлгісі халықаралық стандарттарға сай келетіндігі, сот шешімдеріне тезірек күшіне енуге мүмкіндік беретіндігі және процесті жасанды түрде созу мүмкіндігін төмендететіндігі атап өтілді. Соттардың залдары сот талқылауын аудио, бейнежазба аппаратурасымен жабдықталуда және жазуды тоқтата тұру немесе редакциялау мүмкіндігінің жоқтығы да айтылды. Төраға тілге тиек еткен мәселелер қатарында соттарды реформалау бойынша бірқатар институттық шешімдер ерекше белгіленді. Олардың ішінде құрметті демалысқа шыққан судьяларды зейнетақымен қамсыздандырудың жаңа жүйесі: яғни, осы жылдан бастап зейнеткер судьяларға ай сайынғы өмір бойғы қамтылым төленетін болады. Бұл ретте, зейнеткер судьялардың қызметіне кез келген шектеулер қойылмайтындығын да ескере кеткен жөн.

Жоғарғы Сот Төрағасы түйін­сөз­де соңғы кездері елде орын алып жатқан қоғамдық әлеуметтік-сая­си жағдайларға да тоқталып өтті. Мемлекет басшысының ар­найы Жарлығы негізінде бекі­тіл­ген, ағымдағы жылдың 20 науры­зында болатын Парламент Мәжі­лісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен жергілікті мәс­ли­хаттар депутаттарының сай­лауына да баса назар аударды. Ол сайлау заңнамасының бұзу­шы­лық­тарына байланысты барлық шағым­дар мен өтініштерді соттар қыс­қа мерзімдерде және кідіріс­сіз қарауды қамтамасыз етуге мін­детті екендігіне ерекше тоқталды.

Сондықтан да Жоғарғы Сот судьялары мен облыстық соттардың төрағалары алдында алдағы электоралдық кезеңде соттардың жұмысын жоғары деңгейде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Осы міндетті мінсіз орындап шығуға әрқайсымыз атсалысуымыз қажет, – деді төраға.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан рефор­малардың іске асырылуы­на жер­гілікті жерлердегі бірінші бас­шылардың дербес жауапты­лығы туралы ескертуді сала маман­дарының қаперіне салып өтті.

Айта кетейік, мәжіліс шең­бер­інде қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу, Жоғарғы Сот жа­нындағы соттардың қызметін қам­тамасыз ету департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің 2015 жылғы жұмысының қоры­тын­дыларын шығару мәселелері бо­йынша Жоғарғы Сот алқаларының кеңейтілген отырыстары өткі­зілді. Бұдан басқа, «Арбитраж мәсе­лелері бойынша заңнамалық новеллалар туралы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.