А.Садуақасов: «Судьяларға алғыс білдіреді», «Айқын», 01.06.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Елімізде азаматтардың судьяларға деген сенімі жыл санап артып келеді. Бұған қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлердің, тіпті шетелдік инвесторлардың Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің атына жазып жатқан алғысхаттары дәлел. Осындай алғысхаттардың бір парасы – тұрғын үйінен айырылып, кейіннен соттың көмегімен өз баспанасына меншік құқығын қалпына келтірген азаматтардан да келіп түсуде. 

Шымкенттік азаматтар соттан әділдік тапты

Оңтүстік Қазақстан облысы­ның тұрғыны Жәмила Жорабаева Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отар­баев­қа алғыс білдірген хатында:
«2014 жылы сол кездері ма­ған және отбасыма жа­қын адамдар денсаулық жағдайымды пайдаланып, мені алдап, жылжымайтын мүлкімді меншіктеп алды. Бұл туралы 2015 жылдың қыркүйегінде ғана білдім. Өзіме және балаларыма тиесілі мүлікті қайтаруымды сұрап, бірнеше рет өтініш жасағанымда, жауап ретінде олардан қорлау, кемсіту сипатындағы сөздер естіп, тіпті соққы алған кездерім де болды», – дейді.
Одан әрі хат иесі Абай аудан­дық сотына талап арызбен жү­гін­­генін, істі қараған судья Е.Отарбаевтың мәселеге өте байыпты қарап, зерделегенін айтады. Нәтижесінде, әділдік орнап, жылжымайтын мүлік өзінің заңды иесіне қайтарылған.
Істің қысқаша тарихы былайша өрбіген:
Сот талапкер Жәмила Жора­бае­ва мен жолдасы А.Мыр­за­кел­диев­тің 2008 жылдан бері некелі ерлі-зайыптылар екендігін және олардың меншігіне 2010 жылы Шымкент қаласында жер учаскесі бар баспана сатып ал­ған­дығын анықтаған.
2014 жылдың сәуірінде Жора­баева Жәмиланың қайынағасы Д.Мырзакелдиев інісінің іздеуде жүргенін және оның әйелінің жүктілік жағдайында жолдасына кепілақы бойынша құжаттарды ресімдеуге уақыты жоқтығын пайдаланып, келінінің сеніміне кіріп, алдап-арбау жолымен өзінің анасы Л.Иванованың атына кепілақыны ресімдеу үшін сенімхат беруге көндірген.
Бұдан әрі Ж.Жорабаеваның сенімхаты негізінде Л.Иванова жер учаскесі бар тұрғын үйді өзінің тағы бір келіні Л.Салықбаеваға сатқан. Осы ретте, нотариус ортақ меншіктегі үйді иелерінің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімдерін талап ет­пес­тен, сату-сатып алу туралы әлгі шартты бекіткен.
Аталған фактілер сотта нақ­ты дәлелдермен расталған. Осы­лайша, жауапкерлердің құқыққа қайшы әрекеттерінің салдарынан талапкерлер өз үйлеріне меншік құқығынан еріктерінен тыс айы­рыл­ған.
Осы орайда заңға жүгініп көрелік. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 33-бабына сәйкес, некеде тұр­­ған кезінде жинаған ерлi-за­йып­тылардың мүлкі олардың бiр­лескен ортақ меншiгi болып табылады.
Ерлі-зайыптылардың ортақ табыс сомалары есебiнен са­тып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлiктері ол от­­басында кімнің атына са­тып алынғанына, не ақша қа­ра­жат­тарын ерлi-зайып­ты­лар­дың қайсысы салғанына қара­мас­тан, ерлi-зайыптылардың ор­­­тақ мүлкi болып табылады.
Бұған қоса, аталған Кодекстің 34-бабына сәйкес ерлi-зайып­тылардың ортақ мүлкiн иеле­ну, пайдалану және оған билiк ету ерлi-зайыптылардың еке­у­і­нің келiсiмi бойынша ғана жү­зеге асырылады. Ерлi-зайып­тылардың ортақ мүл­кi­не билiк ету жөнiнде ерлi-зайыптылардың бiреуi мәмiле жасасқан кезде екiншi жұбайының келiсiмi қажет. Бұлай болмаған жағдайда сот – ерлi-зайыптылардың бiреуiнің ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билік ету жөнiнде жасасқан мәмiлені жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Осы аталған заңды негіздер бойынша сот талапкердің тұрғын үйді сату-сатып алу туралы шарт­ты жарамсыз деп тану және осы шартты мемлекеттік тіркеудің күшін жоюды сұраған талап арызын қанағаттандырды.
Аталған алғысхатта азаматша Жәмила Жорабаева:
«Осы істі қараудағы судья­ның әділдігі, турашылдығы мен тәуелсіз ұстанымы оның жо­ғары кәсібилігін ғана емес, сонымен қатар қарапайым адамдардың заңды мүддесін қорғауға де­ген талпынысын, зор адами қа­сиеттерін айғақтайды. Осы орай­да Қазақстан Республи­ка­сы­ның азаматы ретінде Жоғарғы сотқа да өз алғысымды білдіремін!», – деп аяқтаған.
Жалғызбасты ананың құқығы қалпына келтірілді
Жоғарғы сот органының бас­шы­сына, судьялар корпу­сы­на, соның ішінде, Қостанай об­лыс­тық сотының судьяларына алғыс біл­дірген хат иесінің басынан кешкен оқиғасы бойынша ше­шім шығару судьяларға да оңайға түспеген.
Қостанай қаласының тұрғыны Гүлнар Нұржанова 2008 жылы Д.Кособоков деген азаматтан оның банктегі 20 мың АҚШ долларын құрайтын кредитін өтеуге келісіп, оның пәтерін сатып алған. Алайда бұл келісім жазбаша ресімделмеген. Соған қарамастан, Гүлнар өз уәдесінде тұрып, 2008 жылдың қыркүйегі мен 2015 жылдың мамыры аралығында Д.Кособоковтың несиелік қарызын жабу үшін ай сайын банкке 360 АҚШ дол­лары көлемінде ақша төле­ген. Осылайша, ол банкке жалпы сомасы 27500 АҚШ долларын құйған. Тіпті пәтердің коммуналдық шығындарын өтеп, оған жөндеу жұмыстарын да жүргізген.
Алайда банктегі қарызынан құтылған соң Д.Кособоков қу­лық-сұмдыққа көшкен. Ол Гүл­нармен арада жазбаша келі­сім­нің жоқтығын пайда­­ла­н­ып, әлгі пәтерді үшінші тұлға – И.Пав­ловаға қайта сату-сатып алу шартын жасасқан. Гүлнардың пәтерден шығуын талап етіп, сотқа да жүгінген.
Гүлнар да қарап қалмай, сот­қа қарсы талап арыз түсірген. Алайда бірінші сатыдағы сот Гүлнар мен Д.Кособоковтың арасында жазбаша шарттың жоқ­­тығын алға тартып, оны пә­тер­ден шығару және оның қарсы талап арызын қараудан бас тарту туралы шешім шығарған.
Ақиқаттың жолы қашан да оңай болмайтынын түсінген Гүлнар апелляциялық сот алқа­сы­на жүгінген. Судья В.Долгихтің төрағалық етуімен істі алқалық құрамда қараған судьялар А.Нұрлымбаева мен Л.Пашкевич істің мән-жайын егжей-тегжейлі қарастырып, Кособоков пен Павлованың арасындағы пәтерді сату-сатып алу туралы шартты заңсыз деп танып, Гүлнарды өз пәтерінде қалдыру туралы шешім шығарған. Осылайша, ақиқат салтанат құрған.
Осы орайда Гүлнар:
«Материалдық жағдайым өте ауыр. Кәмелет жасына толмаған екі баланы жалғыз өзім асырап отырмын. Соңғы бірнеше жыл көлемінде жан аямай жұмыс істеп, жиған-тергенімнің барлығын Кособоковтың банк алдындағы несиесін өтеуге жұмсадым. Алайда кейіннен мен оның пәтерден шығаратынын естідім. Әрине, Қостанай об­лыс­тық соты апелляциялық алқасының жаңа шешім шығарып, қарапайым адамның жан айғайы­на құлақ асуы менің әділдік пен шындықтың бар екендігіне сені­мім­нің қайта оянуына түрткі болып, судьялардың көрегендігі мен адами болмыстарына тәнті етті», – дейді.

Маңғыстауда жер дауына нүкте қойылды
Жоғарғы сот төрағасының атына Ақтау қалалық мәслихаты депутаттарынан алғысхат ке­ліп түсті. Онда жергілікті тұр­ғын­­дардың Ақтау қаласы №2 сотының судьясы Наталья Ко­ма­ро­ваға деген алғыс сөздері жазылған.
«Бірнеше жылдан бері Маң­ғыстау жұртшылығын, соның ішінде, Ақтау қалалық мәслихаты депутаттарын көпбалалы Марковтар отбасының өз иелігіндегі жекеменшік мүлкіне конституциялық құқығының сақ­талуы алаңдатты.
Бұл отбасының тағдырына бейжай қарай алмаған қала тұрғындары бастамашыл топ құрды. Жер телімін сатып алып, өз күштерімен үй тұрғызып, сонда бес жылдан бері тұрып келе жатқан Марковтардың құқықтарын қорғауда қала халқы жұмыла кірісті.
Міне, нәтижесінде ақиқат анықталып, жер теліміне мен­шік құқығын тануды талап еткен Марковтардың шағымы Ақтау қаласы №2 сотының судьясы Наталья Комарованың төрағалығымен 2016 жылдың
3 мамырында қаралып, талапты қанағаттандыру туралы шешім шықты.
Н.Комарова сияқты судья­лардың, Р.Өмірболатов секілді адвокаттардың еңбектерінің нәтижесі халқымыздың әділ­дік­ке, заңның салтанат құруы­на, Қазақстан азаматта­ры­ның конс­титуциялық құқықтарының қорғалуына деген сенімін нығайтады, Мәңгілік еліміздің сот жүйесінің имиджін арттырады» дейді.

Әлмерек тұрғындарының сенімі артты
Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Әбдразақұлының атына келіп түскен келесі хатта Алматы қа­ла­­сының Әлмерек шағын ау­да­нының тұрғындары – ерлі-за­йыптылар Құдайберген Қадыров пен Арайлым Жәмиханова өздерінің және үш баласының атынан Алматы қаласы Түрік­­сіб аудандық сотының судья­сы Бибігүл Хасановаға өз риза­шы­лық­тарын білдірген.
Хат иелері өз қуаныштарымен бөлісе отырып:
«Жақында біз өзіміздің жер учаскемізге тиесілі актіге қол жеткіздік және қазіргі таң­да жал­ғыз баспанамыздың құжат­та­рын алудамыз. Біз ұзақ жыл­дардан бері алғаш рет тыныш ұйық­тап, ертеңгі күнге сеніммен қарай бастадық. Мұның барлығы – судья Бибігүл Хасанова шығар­ған әділ шешімнің арқасы.
Бұл іс бітімгершілік келісімге келу арқылы аяқталды, бірақ бұл шешімге жету оңай болмады. Бір жарым жылға созылған күрделі сот талқылауынынан соң әділдік орнады», – дейді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 16-бабына сәйкес «Судья істе бар дәлелдемелерді бейтарап, жан-жақты және толық қарауға негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды, бұл ретте ол заң мен ар-ұятты басшылыққа алады» делінген.
Қадыровтар отбасы судья Б.Хасанованың заң мен ар-ұятқа сәйкес әрекет еткенін айта келе: «Осы істі біздің Әлме­рек шағын ауданының бар­лық тұрғындары назардан тыс қалдырмады және соттардың әділ әрі турашылдығына көз жеткізді, себебі біз – Қадыровтар ең қарапайым әрі аз қамтылған отбасымыз!», – дейді.

Судьялар – әділдік сақшысы
Еліміздің әр өңірінен Жо­ғар­ғы сот төрағасына алғысхаттар легі толастар емес. Ел азаматтары әрбір хатында бастарынан өткен қиын жағдайларды соттың кө­ме­гімен қалай еңсеріп шық­қандарын жазған. Істі қараған судьялар мен жалпы сот жүйесіне деген алғыс сезімдерін жеткізген. Мұндай хаттар арқылы судья­лар­дың күнделікті күрделі жұ­мы­сының өз нәтижесін беріп жатқандығын білуге болады.