Жаңылсын Архарова, Жоғарғы Соттың судьясы, «Азаматтық сот ісін жүргізуді жеңілдету – сот төрелігіне кеңінен қол жеткізу» // «Егемен Қазақстан», 2015 жылғы 19 тамыз

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Елбасы 2013 жылғы 20 қарашада Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзінде судьялар қоғамдастығының алдына азаматтық істерді қарау тәртібін процесс тараптары үшін ыңғайлы және жылдам ету әрі оларды татуластыру бағытын ұстану, қазіргі заманғы технологияларды кеңінен пайдаланып, азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту міндетін қойды. Берілген тапсырманы іске асыру мақсатында жылдам, сапалы әрі процеске қатысушылар үшін қымбатқа түспейтін сот төрелігі талаптарын қанағаттандыра алатын оңтайлы процестік тәсілдер іздестірілді. Бұл ретте іс жүргізу шығын­дарын үнемдеуге және азаматтық іс жүргі­зудің дәстүрлі, іргелі негіздерін сақтау­дың теңдігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін жеңілдетілген іс жүргізуді дамыту маңызды рөл атқарады. Жеңілдетілген іс жүргізу халықтың басым көпшілігі үшін өз құқықтарын қорғаудың қарапайым, түсінікті әрі аса қымбатқа түспейтін тетігін қарасты­рады, бұл көптеген әлеуетті процеске қатысушылар үшін істердің аса кең таралған санаттарына, жиі кездесетін жағдайларға іс жүргізу заңнамасының бейімделуін қамтамасыз ету қажеттілі­гінен туындайды. Осындай іс жүргізуді кеңінен қолдану оларға сотқа қол жеткі­зуді  жеңілдету және процесті дербес жүргізу мүмкіндігін беретін әлеуметтік маңызы бар функциялардың жүктелуіне байланысты болып отыр. Қорытып айтатын болсақ, азаматтық іс жүргізуде жеңілдетілген сот ісін жүргі­зудің екі моделі: бұйрық арқылы іс жүргі­зу және жазбаша іс жүргізу қалыптасқан. Жұртшылық үшін танымал болып отырған және кеңінен таралған модель – бұйрық арқылы іс жүргізу. Сот бұйрығының негізгі мәнін оның ақпараттық функциясынан байқауға болады. Бұйрық сот қаулысы болып қана қоймай, кредиторға оның нақты құқықтарын түсіндіреді және оларды сот тәртібімен растайды, ал борышкер үшін – орындалмаған міндеттеме туралы биліктің ескертуі болып табылады. Сонымен бірге, бұл рәсім арыз иесі қойған талаптың негізділігін қарауды көздемейді. Бұйрық арқылы іс жүргізу институты біздің азаматтық іс жүргізуге 1999 жылы 1 шілдеде қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексімен ендірілген болатын. Сот бұйрығы – бұл өндіріп алушының ақшалай сомаларды өндіріп алу немесе мүлікті борышкерді немесе өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сотта іс қарамай-ақ, даусыз талаптар бойынша борышкерден талап ету туралы арызы бойынша судьяның үш күн ішінде шығаратын сот актісі болып табылады. Бүгінгі таңда сот бұйрығы іс жүргізу заңында көзделген он төрт негіз бойынша шығарылады. Атап айтқанда, бұған кәмелетке толмаған балалар үшін алименттерді; қызметкерге есептелген, бірақ төленбеген жалақы мен өзге де төлемдерді; шарттың орындалмауына негізделген және борышкер жазбаша түрде мойындаған ақшалай қарызды; салықтар бойынша бересіні және т.б. өндіріп алу туралы талаптар жатады. Бұйрық арқылы іс жүргізуден басқа жеңілдетілген жазбаша іс жүргізу еліміздің азаматтық іс жүргізуі үшін жаңа институт болып табылады. Ол қолданыстағы Азаматтық іс жүргізу кодексіне «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 қарашадағы Заңымен енгізілді. Іс жүргізу заңнамасына сәйкес дәлелдемелер мен өзге де құжаттарды ұсыну үшін белгіленген мерзімдер өтіп кеткеннен кейін соттың тараптарды шақырмай-ақ істерді қарауы жеңілдетілген жазбаша іс жүргізудің ерекшелігі болып табылады. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібі бойынша судья арыз өндіріске қабылданған күннен бастап бір ай ішінде істерді жеке-дара қарайды әрі осы мерзім ұзартуға жатпайды. Қазіргі уақытта істер мынадай екі негіз бойынша: – егер талап қоюдың бағасы заңды тұлғалар үшін жеті жүз айлық есептік көрсеткіштен, жеке кәсіпкерлер, азаматтар үшін екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақша сомаларын өндіріп алу туралы талап қою арыздары бойынша; – талап қою бағасына қарамастан, талапкер ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қою арыздары бойынша жеңілдетілген жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралады. Жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы бойынша жұмыс жүргізу барысында жеңілдетілген жазбаша рәсімдерді жетілдіру мәселелеріне баса назар аударылды. Жеңілдетілген жазбаша іс жүргізуді қазіргі таңда кеңінен қолдану көзделіп отыр. Істерді жеңілдетілген жазбаша іс жүргізіп қарау негіздерінің тізбесін он екіге дейін көбейту ұсынылады. Осы келтірілген тізбе жеңілдетілген іс жүргізудің қолданыстағы материалдық құқықтың қарапайым және жылдам іске асырылатын рәсімді талап ететін дауларды қамтитынын көрсетіп беріп отыр. Жеңілдетілген рәсімдер бойынша азаматтық істерді қарауға прокурордың қатыспауы маңызды. Осы орайда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының сот рәсімдерін жеңілдету және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқартуды көздейтін 26-шы қадамы тікелей іске асырылып отыр. Жеңілдетілген рәсімдерді жетілдіру электрондық сот ісін жүргізуді одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деп есептейміз. Электрондық технологияларды белсенді түрде енгізу және қолдану біздің еліміздің сот жүйесінің басты жетістіктерінің бірі болып табылады. Процестік қағидалардың түсініктілігі әрі сот процесіне жұмсалатын шығындар тұрғысынан алғанда тиімділігі және сот шешімдерінің орындалу деңгейінің неғұрлым жоғары болуы жеңілдетілген рәсімді сот ісін жүргізудің оңтайлы нысаны ретінде кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.