Сот жюриінің құрамы, құрылу тәртібі және қызметінің негіздері

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХатпен жіберуХатпен жіберуPDFPDF

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 38-1-бабына сәйкес Сот жюриі жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметін бағалау, судьяның отставкаға құқығын және оны тоқтатуды растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді, тәртіптік істерді қозғау туралы мәселені қарау үшін құрылады.

Сот жюриі біліктілік және тәртіптік комиссиялардан тұрады.

Біліктілік комиссиясы жеті мүшеден – облыстық соттардың екі судьясынан, Жоғарғы Соттың екі судьясынан және отставкадағы үш судьядан тұрады.

Тәртіптік комиссия тоғыз мүшеден – аудандық соттардың үш судьясынан, облыстық соттардың үш судьясынан және Жоғарғы Соттың үш судьясынан тұрады.

2016 жылы 15 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысында жасырын дауыс беру арқылы балама негізде Сот жюриінің құрамы сайланды.

Сол күні Сот жюриінің ұйымдық отырысы өткізіліп, біліктілік және тәртіптік комиссиялардың құрамдары анықталды, Сот жюриінің төрағасы сайланды.

Сот жюриінің төрағасы болып Жоғарғы Сот судьясы М.С. Шегенов сайланды.

Сот жюриі біліктілік комиссиясының құрамына облыстық соттардың судьялары А.А. Сағындықова, Қ.Е. Саманбетов, Жоғарғы Сот судьялары Р.Қ. Жакудина, С.Ә. Жармұхамбетова, отставкадағы судьялар Б.Қ. Ахметов, Қ.С. Бұқбанова, А.Р. Рысқалиев, тәртіптік комиссияның құрамына – аудандық соттар судьялары Е.Ұ. Ахметжанов, А.Ө. Жұматова, Н. Раззақ, облыстық соттардың судьялары К.Ә. Ақтайлақов, Г. Есжанова, А.Қ. Турысбаев, Жоғарғы Сот судьялары М.С. Шегенов, М.В. Одинцова, А.А. Сапарова кірді.

Біліктілік комиссиясы жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметін бағалауды жүзеге асырады, ал тәртіптік комиссия – судьяның отставкаға шығу құқығын растау, судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау мәселелерін қарайды.

Судьяның кәсіби қызметін бағалау судья лауазымындағы жұмысының бір жылдағы нәтижелері бойынша бірінші рет жүргізіледі. Кейіннен судьяның кәсіби қызметін бағалау әрбір бес жыл сайын, сондай-ақ жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына конкурсқа қатысу кезінде жүргізіледі.

Жиырма және одан көп жыл судьялық өтілі бар судьялар кәсіби қызметті мерзімді бағалаудан босатылады.

Сот жюриі тәртіптік комиссиясының судьяға қатысты материалдарды қарауы үшін облыстық соттың және Жоғарғы Соттың жалпы отырысы төралқасының шешімдері негіз болып табылады.

Жеке және заңды тұлғалар судьяның әрекеттеріне шағым жасаудың барлық өзге де қолда бар тәсілдерін пайдаланған болса, олардың өтініштері де судьяға қатысты материалдарды Сот жюриінің қарауы үшін негіз болып табылады.

Пікірлер мен ұсыныстар