К.Сәдуақасова, Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай аудандық сотының судьясы, «Заң үстемдігі – әділеттілік кепілі»/ Егемен Қазақстан, 2015 жылғы 5 желтоқсан

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Президенттің осындай қысыл-таяң уа­қыт­та халыққа арналған Жолдауы – дер кезінде жарияланған саяси құжат. Онда көрсетілген барлық мәселелер қаржылық тұрғыда да, заңдық тұрғыда да қамтамасыз етілген. Оны Қазақстан халқының баршасы қолдап, отыр. Өзіміздің сарапшыларды былай қойғанда, әлемдік зерттеу орталықтары мен бақуатты елдер басшыларының да сенімі мен қолдауы үмітімізді басым етеді.

Елбасы осы мақсатта үкі­мет­ке тыныс-тіршілігіміздің барлық дерлік саласын қамтуды мұрат еткен 16 келелі тапсырма жүктеді. Оның ішінде әлеуметтік салаға баса көңіл бөлін­ген. Бұл қамқорлық, халықтың мемлекет қолдауын қажет ететін бөлігін аса үлкен қуанышқа бөледі. Аталмыш тарихи құжатты өміршең ету бұған дейін жария етілген бес институттық жобаны іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен астасып жатыр. Бұл ретте биліктің белді бір тетігі – сот билігін жаңа деңгейге көтеру, яғни, реформалау екендігі даусыз. Осы тұрғыда Елбасы реформаларды әрі қарай тереңдете түсу үшін заң үстемділігін қамтамасыз ету – ма­ңызды міндеттердің бірі екендігін атап өткен-ді. Бұл бес институттық реформаның бірі ретінде қарастырылып, «100 нақты қадам» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып отыр.

Катонқарағай аудандық сотында атал­­­мыш тақырып аясында семинарлар, басқосу, дөңгелек үстелдер өткізіліп, ха­лық­­­пен пікір алмасу үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып, белсенді іс-қимыл жасалып жатыр.

Осыған байланысты, аза­­маттардың әділ сотқа қол­жетілімдігін қамтамасыз ету мақсатында, бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі (бас­тапқы, апелляциялық, кассациялық) жүйеге өту көзделген. Бұл өз кезегінде азаматтардың бір соттан екін­шісіне сабылмай, уақытын үнемдеуіне, тез арада әділ сот шешіміне қол жеткізуіне жол ашады. Бұдан бөлек, сот істерін жеңілдету мен сот процестерін жылдамдату мақсатында, аза­маттық-құқықтық дауларға прокурордың қатысуы шек­теледі. Бұл да азаматтардың сот төрелігіне анағұрлым тез қол жеткізуіне мүмкіндік туғызады. Жалпы, азаматтық-құқықтық дауларға прокурордың қатысуы шектеледі. Мұны жүзеге асыру мақсатында Азаматтық-процестік кодекске қажетті тү­зетулер енгізілді.

Судья қызметіне тағайындауға үміткер­лердің кәсіби деңгейіне талап күшейтілмек, ол үшін сот жүйесінде бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Сол сияқты Елбасының бағдарламасына сәйкес, Жоғарғы Сот жанынан азаматтардың Эти­калық кодекске сүйеніп, судьялардың қызметіне шағым жасайтын Сот қазылары институты құрылмақ. Бұл да өз кезегінде судьялардың сот төрелігін әділ шығаруына септігін тигізеді. Заңнан бұлтаруға, тамыр-таныстыққа жол бермеуіне әсер етеді.

«Қазақстан-2050» Стратегиялық бағ­дарламасы негізінде Қазақстанда демократияландыру мен азаматтық қоғам қа­лыптастыру, республикада қоғамдық бақы­лау жүйесінің даму деңгейімен айқын­далады. Оны жүзеге асыру жолында «Ақпараттардың қолжетімділігі туралы» заңның дайындалуы мен қабылдануы бағытталған. Бұл құжат барлық деңгейдегі атқарушы билік қызметінің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық пен бюрократтықты жоюға арналған. Бұл мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдануы керек. Онда қолданыстағы қоғамдық бақылаудың ережелері мен тәртіптері кеңейтіледі және көпшілік мемлекеттік органдардың мәжілістеріне қатысу; эксперттік кеңес­терді өткізу; қоғамдық зерттеулерді өткізу; қоғамдық мониторинг жүргізу; қоғамдық тексеру жүргізу; тәуелсіз зерттеу жүргізу және т.б сияқты қызметтермен толықтырылады. Мұның өзін түптеп келгенде, біздің қоғамның таза демократиялық жолды таңдағандығы деп түсінген жөн.

Қазақстанда нарықтық, демократиялық саяси жүйелердің дамуы мен идеологиялық, әлеуметтік, саяси плюрализмге негізделген еркін азаматтық қоғамда Конституциялық кеңестің белсенді түрде жұмыс жүргізіп отырғандығын ерекше атап өтуіміз керек.

Қорыта келгенде, айтпағымыз, жоғарыда сөз болған сот жүйесін жа­ңа деңгейге көтеру жо­лындағы игі бастамалардың барлығы да қарапайым адамдар мен азаматтардың әділ сот шешімдеріне әлемдік стандарттарға сай қол жет­кізуін қамтамасыз етуге ба­ғытталған. Біз сот жүйесін рефор­малау ар­қылы, дүниедегі 30 озық елдің қатарына енудегі қадамдардың бірін шешеміз. Бұл қадам сот жүйесіндегі бұған дейін қор­­да­­ланып қалған көптеген түйткілді мәселе­лерді шешпек. Оның қолжетілімдігін, ашық­тығы мен жариялылығын арттырмақ. Оған бүгінде қолданысқа еніп кеткен сот ісін қараудағы оң өзгерістер дәлел. Оны «Ме­диация»(Бітімгершілік), «Алқа билер соты» туралы заңдардың қабылдануы растайды.

Елбасы өз Жолдауын «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, біл­егі­міз – бірлік! Мен халқыма сенемін», – деп аяқтады. Міне, ме­желеген осы мақсат-мұраттарға қол жеткізуде сот билігін жүйелі түрде жаңғыр­тудың маңызы зор. Елдің де, Елбасының да көксегені осы.