Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі туралы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыPDFPDF

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі туралы
(жаңа редакция)

1-тарау. Жалпы ереже

1-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесінің  мәртебесі және  қызметінің құқықтық негізі

1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) – соттарды қалыптастыру, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктері жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық өкілеттіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылатын дербес мемлекеттік мекеме.

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесін айқындайтын Конституциялық заң, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері Кеңес қызметінің құқықтық негізі болып табылады.

3. Кеңестің заңды тұлға болып табылатын өз аппараты болады.

4. Кеңесті және оның аппаратын ұстауға арналған шығыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

5. Кеңес аппаратының қызметі заңнамамен және Кеңестің регламентімен  регламенттеледі. Кеңес аппаратының қызметкерлері мемлекеттік қызметшілер болып табылады.

Кеңес аппараты штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

6. Кеңес аппаратының басшысын  Кеңестің және Жоғарғы Соттың ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды және ол лауазымы бойынша Кеңес хатшысы болып табылады.

7. Кеңес аппараты және оның құрылымы  туралы ережені . Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

8. Кеңес өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде оған араласуға жол берілмейді.

9. Кеңестің Төрағасы мен мүшелері соттардың және судьялардың  сот төрелігін орындау бойынша қызметіне араласуға құқылы емес.

2-бап. Кеңес қызметінің негізгі қағидаттары Кеңес  өз қызметін  тәуелсіздік, заңдылық, алқалық, жариялылық және  әділеттілік қағидаттары негізінде жүзеге асырады.

3-бап. Кеңестің өкілеттіктері

1. Кеңес:

1) судьялардың тәуелсіздігі мен қолсұғылмаушылығы кепілдіктерін қамтамасыз етеді;

2) аудандық сот  төрағасының  және  судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымына кандидаттар іріктеуді  конкурстық негізде жүзеге асырады;

конкурстың қорытындылары бойынша аудандық сот  төрағасының  және судьясының, облыстық сот судьясының бос лауазымына тағайындауға кандидатты Парламент Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;

конкурс қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьясының бос лауазымына кандидатты Парламент Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.

3) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша облыстық  соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот  алқалары төрағаларының  бос лауазымдарына кандидатураны қарайды;

облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың  сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидаттарды қызметке тағайындау үшін үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;

4) Жоғарғы Сот Төрағасының бос лауазымына кандидатураны қарайды;

Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымына кандидатты Парламент Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;

5) Жоғарғы Сот Төрағасының, сот алқалары төрағаларының және Жоғарғы Сот судьяларының, жергілікті және басқа соттар төрағаларының, сот алқалары төрағалары мен судьяларының өкілеттіктерін тоқтату мәселелерін отставкаға кету, отставкаға кетуді тоқтату нысанында қарайды;

сот қайта ұйымдастырылған, таратылған, тиісті сот судьяларының саны азайтылған жағдайларда, егер жергілікті және басқа соттардың судьялары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, оларды атқаратын лауазымдарынан босату мәселелерін қарайды;

сот қайта ұйымдастырылған, таратылған, өкілеттіктер мерзімі аяқталған жағдайларда, егер жергілікті және басқа соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, оларды атқаратын лауазымдарынан босату мәселелерін қарайды;

Жоғарғы Сот судьяларының саны азайтылған жағдайларда, егер Жоғарғы Соттың судьялары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, оларды атқаратын лауазымдарынан босату мәселелерін қарайды;

өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайларда, егер Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісімін бермесе, оларды атқаратын лауазымдарынан босату мәселелерін қарайды;

бір жыл мерзім өткеннен кейін  аудандық соттың және оған теңестірілген  соттың судьялары лауазымына алғаш рет тағайындалған адамдардың жұмыс нәтижелерін қарайды;   

тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін, кәсіби жарамсыздығына орай немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін Сот жюриінің шешіміне негізделген Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша, сондай-ақ судьялар өкілеттіктерін өз еркімен тоқтатқан, судья басқа лауазымға тағайындалған, сайланған және оны басқа жұмысқа ауыстырған, зейнеткерлік немесе судья лауазымында болудың шекті жасына толған жағдайларда Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларын, жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқаларының төрағалары мен судьяларын атқаратын лауазымдарынан босату мәселесін қарайды;

медициналық қорытындыға сәйкес кәсіби міндеттерін одан әрі орындауға кедергі келтіретін денсаулық жағдайына байланысты судьяның өкілеттіктері тоқтатылған, әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі, қылмыс немесе қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген, қылмыстық іс ақталмайтын  негіздер бойынша сотқа дейінгі  сатыда тоқтатылған, Қазақстан Республикасы азаматтығы тоқтатылған, судья қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларын, жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқаларының төрағалары мен судьяларын атқаратын лауазымдарынан босату мәселесін қарайды;

Қазақстан Республикасының Президентіне жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқаларының төрағалары мен судьяларын, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын лауазымдарынан босатуды ұсынады;

Парламент Сенатына Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын лауазымдарынан босату туралы ұсыныс енгізу үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным енгізеді;

6) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін қамтамасыз ету  жөніндегі  уәкілетті органның басшысы лауазымына кандидатты тағайындауға және оны лауазымынан босатуға келісім беру туралы мәселені заңнамада белгіленген тәртіппен қарайды;

7) судьялардың Сот жюриінің шешімдеріне шағымдану туралы өтініштерін қарайды;

8) судья болып жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтардан біліктілік емтихандарын қабылдауды ұйымдастырады;

9) Қазақстан Республикасының Президентіне судьяны ұстап алуға, күзетпен ұстауға не үйқамаққа алуға, оны күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жаза қолдануға, судьяны қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім беру туралы мәселені шешу үшін қорытынды ұсынады;

 10) сот жүйесі мен заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді;

 11) судья корпусының сапалық құрамын жақсарту, кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, судьялардың біліктілігін арттыру жөнінде шаралар қолданады;

12) Кеңес регламентін бекітеді;

13) судья лауазымына орналасу үшін біліктілік емтихандарын тапсырған, соттарда тағылымдамадан өткен және облыстық және оларға теңестірілген соттардың жалпы отырыстарының қорытындыларын алған адамдардың, сондай-ақ мамандандырылған магистратураны бітірген адамдардың есебін жүргізеді;

14) судьялардың жалпы штат санын, әрбір жергілікті және басқа соттың судьялар санын белгілеуге келісім беру туралы мәселені  қарайды;

15) судьялардың дербес  электрондық есебін жүргізеді;

16) Жоғарғы Сотпен бірлесіп  жергілікті және басқа соттардың төрағалары және сот алқаларының төрағалары лауазымдарына  кадр резервін  қалыптастырады;

17) Жоғарғы Сот  Төрағасының ұсынуы бойынша кадр резервін қалыптьастыру және  олармен жұмысты ұйымдастыру тәртібін бекітеді;

18) судьяға кандидаттардың психологиялық тестен  өту тәртібін айқындайды;

19) Қоғамдық кеңес туралы үлгі ережені бекітеді;

20)  осы Заңнан, өзге заңнамалық актілерден туындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Кеңестің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін:

1) мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан, ұйымдардан, азаматтардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды сұратуға және алуға;

2) тиісті лауазымды адамдардың ауызша түсініктемелерін тыңдауға және жазбаша түсініктемелерін талап етуге;

3) Кеңес мүшелерінің, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар мен мекемелер өкілдерінің арасынан комиссияларды, жұмыс топтарын құруға, өз жұмысына мамандар тартуға құқылы.

2-тарау. Кеңес құрамы және Кеңес мүшелерінің өкілеттіктері

4-бап. Кеңес құрамы

1. Кеңес Төрағадан және  Кеңестің басқа мүшелерінен тұрады.

Кеңес Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

Кеңес құрамына лауазымына қарай Жоғарғы Соттың Төрағасы, Бас прокурор,  Әділет министрі, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  жөніндегі уәкілетті органның  басшысы, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тиісті салалық комитеттерінің төрағалары кіреді.

Кеңес мүшелерінің жартысын Жоғарғы Соттың жалпы отырысы судьялар, отставкадағы судьялар арасынан сайлайды.     

Кеңес құрамына Қазақстан Республикасының Президенті  басқа да мүшелерді, оның ішінде ғалым заңгерлерді, адвокаттарды, шетелдік сарапшыларды, судьялық бірлестіктердің  өкілдерін тағайындауы мүмкін.

2. Кеңес құрамына судьялардың, оның ішінде отставкадағы судьялардың кандидатурасы Кеңесте аудандық және облыстық судьялардың, сондай-ақ  Жоғарғы сот судьяларының өкілдігін тең дәржеде қамтамасыз ету ескеріле отырып, тиісті соттардың жалпы отырыстары ұсынған кандидатуралар арасынан Жоғарғы Соттың жалпы отырысында қаралады.

3. Кеңестің Төрағасын және Кеңестің лауазымы бойынша мүшелерін қоспағанда, Кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін үш жыл бойы жүзеге асырады.

4. Кеңес қатарынан  мүше шығып қалған жағдайда Кеңестің жаңа мүшесі  үш ай ішінде тағайындалуға тиіс.

5. Кеңес Төрағасының, хатшысының және мүшесінің лауазымы коммерциялық ұйымның басшы органының және байқаушы кеңесінің құрамына кірумен, саяси партиялардың басшылық лауазымында болуымен сыйыспайды.

6. Лауазымы бойынша Кеңес мүшелері мен шетелдік сарапшыларды қоспағанда,  Кеңес мүшелері  өз қызметтерін жүзеге асыру кезеңіне  негізгі жұмыс орны бойынша міндеттерін орындаудан босатылады.

7. Судьялар және мемлекеттік қызметшілер болып табылатын  Кеңес мүшелерінің  негізгі жұмыс орны бойынша жалақылары сақталады.

8. Кеңес мүшелері тәуелсіз және Конституцияға, заңдарға және Қазақстан Республикасы  Президентінің  актілеріне ғана бағынады.

9.  Кеңес мүшелері  Кеңестің өкілеттігіне жататын мәселелерді шешу кезінде  тең құқықтарға ие болады.

10. Кеңес мүшелерінің өкілеттіктері  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатылады.

11. Кеңес хатшысының дауыс беруге құқығы жоқ.     

5-бап. Кеңес Төрағасы

1. Кеңес Төрағасы:

1) Кеңесті басқарады және оған жалпы басшылықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынас жасауда Кеңес атынан өкілдік етеді;

2) Кеңес хатшысының ұсынуымен Кеңестің жұмыс жоспарларын бекітеді;

3) Кеңестің отырысын шақырады және Кеңестің отырыстарына төрағалық етеді;

4) Кеңестің ұсынымдарына, қорытындыларына, шешімдері мен хаттамаларына қол қояды;

5) Кеңес хатшысының ұсынысы бойынша Кеңес отырыстарының қарауына енгізілетін мәселелерді айқындайды;

6) Жоғарғы Соттың жалпы отырысына, судьялардың кеңестеріне, облыстық және оларға теңестірілген соттардың, Судьялар одағы республикалық қоғамдық бірлестіктерінің, Судья этикасы жөніндегі комиссияның, Сот жюриінің, Кадр резерві жөніндегі республикалық комиссияның  жалпы отырыстарына қатысуға құқылы;

7) Кеңес қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;

8) азаматтарды жеке қабылдау жүргізеді;

9) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Кеңес Төрағасы болмаған жағдайда оның міндеттерін уақытша атқару Кеңес мүшелерінің біріне жүктеледі.

6-бап. Кеңес мүшелерінің өкілеттіктері

1. Кеңес мүшесі:

1) Кеңестің қарауына ұсынылған материалдармен танысуға;

2) материалдарды зерделеуге және тексеруге қатысуға;

3) қаралатын мәселелер бойынша өтініштерді мәлімдеуге, өзінің ұсыныстарына уәждер мен негіздемелер келтіруге;

4) қолында бар құжаттарды ұсынуға;

5) дауыс беру арқылы шешім қабылдауға қатысуға құқылы.

2. Кеңес мүшесі:

1) Кеңестің отырыстарына қатысуға;

2) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелерді қарау кезінде бейтарап әрі объективті болуға;

3) өзіне жүктелген өкілеттіктерді орындауға байланысты судьялыққа кандидаттардың және судьялардың жеке өмірі туралы оған белгілі болған мәліметтерге қатысты құпиялылықты, сондай-ақ дауыс беру құпиясын сақтауға;

4) егер өзіне қатысты шешім қабылданатын адамның жұбайы (зайыбы), жақын туысы немесе жекжаты болса, Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселені қарау кезінде өздігінен бас тартуын мәлімдеуге міндетті.         

7-бап. Кеңес хатшысы

1. Кеңес хатшысы:

1) Кеңес аппаратының қызметін ұйымдастырады;

2) Кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша алдағы отырыстың қарауына енгізілетін мәселелердің тізбесін қалыптастырады және ол туралы Төрағаға алдын ала баяндайды;

3) отырыс хаттамаларының, Кеңес қабылдаған ұсынымдар мен қорытындылардың үзінділеріне өз қолын қойып растайды;

4) қажет болған жағдайда тексерулер ұйымдастырады;

5) Кеңес отырысына шақырылған адамдардың тізімін айқындайды және олардың келуін қамтамасыз етеді;

6) Төрағаның өкімдерін және Кеңестің шешімдерін орындайды;

7) Кеңес аппаратына басшылықты жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

8)  Кеңес аппаратының  қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

9) Кеңес Төрағасының келісімі бойынша Кеңес аппаратының құрылымын  бекітеді, сондай-ақ оған өзгерістер енгізеді;

10) Кеңес Төрағасының келісімі бойынша аппараттың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

11) Кеңес аппаратында  атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын бақылайды;

12) Кеңестің мемлекеттік сатып алу саласына басшылықты жүзеге асырады, оның ішінде  төлем шотына қол қояды;

13) Кеңес қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету  бойынша  мемлекеттік сатып алудың өткізілуін ұйымдастырады және оған жауап береді;

14) заңнамада белгіленген тәртіппен Кеңес аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

15)  заңнамада белгіленген тәртіппен  Кеңес аппаратының қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

16) Кеңес аппаратының қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемеақылар мен сыйақылар төлеу  мәселелерін шешеді;

17) еңбек қатынастары  мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жататын қызметкерлерді қоспағанда,  Кеңес аппараты  қызметкерлерінің  тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

18) бюджеттік өтінімді әзірлеуді, бюджеттік өтінімді Кеңес Төрағасына беруді, сондай-ақ бюджеттік процестің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;

19) органды қаржыландыру жоспарын және Кеңестің қаржылық есептілігін әзірлеуді  қамтамасыз етеді және бекітеді;

20)  өз құзыреті шегінде Кеңестің мемлекеттік органдармен  және өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынасында оның атынан  өкілдік етеді;

21) өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама талаптарының орындалуын  қамтамасыз етеді;

22) Кеңестің жұмысын жақсартуға бағытталған шараларды қабылдайды, Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

23) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де  ұйымдық-өкімдік функцияларды орындайды.

2. Кеңес хатшысы болмаған жағдайда, оның міндеттерін атқару Кеңес Хатшысының тапсыруы бойынша Кеңес аппараты  қызметкерлерінің біріне жүктеледі.

3-тарау. Кеңес отырыстары

8-бап. Кеңес отырыстары

1. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде төрт рет өткізіледі. Кеңес мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда Кеңестің отырысы заңды болып есептеледі.

2. Кеңес отырысы ашық және жариялы түрде өткізіледі. Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Жұртшылықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Кеңестің отырыстарына қатысуға құқылы.  Қажет болған жағдайларда Кеңес жабық отырыстар өткізуге құқылы, оларды өткізу туралы шешімдер Кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен  қабылданады.

Кеңестің жабық отырыстары судьялардың, алқа төрағаларының  және соттар төрағаларының  бос лауазымдарына орналасуға өткізілген конкурс қорытындыларын шығару мәселесін қарау, оның ішінде кандидатураларды талқылау және олар бойынша шешімдер қабылдау кезінде жүргізілмейді.

3. Кеңестің отырысына қатысушы жұртшылықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері  Кеңес отырысының барысына кедергі келтірмей  суретке түсіруге-, бейнетүсірілім мен аудиожазба жүргізуге құқылы.

Суретке түсіру-, бейнетүсірілім мен аудиожазба, егер өздеріне қатысты материалдар Кеңестің отырысында  қаралуға жататын  отырысқа қатысушыдан  тиісті өтініш келіп түскен жағдайда жүргізілмейді.

4. Кеңес материалдарды олар келіп түскен күннен бастап үш ай мерзімнен кешіктірмей қарап, қарау нәтижелері туралы өтініш иесін міндетті түрде хабардар етеді.

9-бап. Кеңес отырысын өткізу тәртібі

1. Кеңес отырыстарын өткізу тәртібі, сондай-ақ Кеңес жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелері Кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданатын регламентпен айқындалады.

2. Кеңес отырысын оның Төрағасы жүргізеді.

3. Кеңес отырысында материалдарды қарау тиісті лауазымдарға орналасуға үміткер немесе атқаратын қызметтерінен босатылатын адамдардың қатысуымен жүргізіледі. Егер оның тікелей қатысуы талап етілмесе, отырыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген адамның болмауы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі болмайды.

4. Кеңес мүшелерінің отырыстарға қатысуы міндетті, олардың өз өкілеттіктерін өзге де лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.

10-бап. Кеңес шешімдері

1. Кеңес шешімдері мәні бойынша өзіне қатысты мәселе қаралатын адамның, сондай-ақ өзге де шақырылған адамдардың қатысуынсыз отырысқа қатысқан оның мүшелерінің сараланған көпшілік даусымен қабылданады.

Рәсімдік мәселелер бойынша Кеңестің шешімдері отырысқа қатысқан оның мүшелерінің жай көпшілік даусымен  қабылданады.

2. Кеңес шешімдері жазбаша нысанда баяндалады және олардың шығарылған күні мен орны, мәселені қараған Кеңестің құрамы, қабылданған шешімнің уәждері қамтылуға тиіс. Шешімдерге төрағалық етуші мен Кеңес хатшысы қол қояды.

3. Кеңес қорытындылар, хаттамалық шешімдер және (немесе) ұсынымдар нысанында шешімдер қабылдайды. Кеңес мүшелерінің дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Кеңес мүшесі қабылданатын шешіммен келіспеген жағдайда, Кеңес отырысының хаттамасына қоса тіркелетін ерекше пікірін жазбаша баяндауға құқылы.

4. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің даусы шешуші дауыс болып табылады.

5. Кеңес  барлық адамдардың  өз шешімдерімен еркін танысуы үшін жағдайлар жасайды, олар жалпыға бірдей қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.

4-тарау. Кеңес жанындағы біліктілік комисиясының біліктілік  

емтиханын қабылдау тәртібі мен шарттары

11-бап. Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясы

1. Судьялыққа кандидаттардың білім деңгейін және оларды практикада  қолдану қабілетін айқындау үшін олардан біліктілік емтиханын қабылдауды Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) жүзеге асырады.

2. Комиссияның құрамына:

1) Кеңес тағайындайтын Комиссия төрағасы және құқық оқытушыларының, заңгер-ғалымдардың арасынан бес маман;

2) Сот жюриі өз құрамынан ротациялық негізде жіберетін үш судья, оның ішінде отставкадағы судьялар;

3) Кеңес тағайындайтын Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, адвокатураның бір-бір өкілі;

4) Кеңес тағайындайтын жұртшылықтың өзге де өкілдері, оның ішінде шетелдік сарапшылар кіреді.

3. Комиссия төрағасы және оның мүшелері оның құрамына екі жыл мерзімге тағайындалады немесе жіберіледі. Бос қызмет орны болған жағдайда Комиссияның жаңа мүшесі Комиссияның бұрынғы мүшесі шығып қалған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тағайындалуға немесе жіберілуге тиіс.

4. Комиссия құрамына ұсынылған адамдардың заңтану саласындағы кәсіби білімі, заң мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс тәжірибесі және мінсіз беделі болуға тиіс.

5. Біліктілік комиссиясының Төрағасы және оның мүшелері зайыбына (жұбайына), жақын туыстарына немесе жекжаттарына қатысты мәселелерді қарау кезінде отырысқа қатысуға құқылы емес.

6. Комиссияның қызметін қамтамасыз етуді Кеңес аппараты жүзеге асырады.

12-бап. Комиссияның біліктілік емтихандарын қабылдау  жөніндегі отырыстары

1. Комиссия біліктілік емтихандарын, оның ішінде судья практикасынан нақты жағдайларды бейнелейтін, практикалық тапсырмалардан тұратын біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі өзінің отырыстарын қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде төрт рет өткізеді.

2. Комиссияның біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі отырыстары ашық және жария түрде өткізіледі. Егер отырыстарға Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, отырыстар заңды деп есептеледі.

3. Комиссия отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы оның мүшелері мен шақырылған адамдар күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.

13-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудың   (тапсырудың)   тәртібі мен шарттары

1. Комиссияда құжаттарды қабылдау, біліктілік емтихандарын тапсыру тәртібі Кеңес регламентімен айқындалады.

2. Судьялыққа кандидаттардан біліктілік емтихандарын қабылдау азаматтар арнайы тексеруден өткеннен кейін жүзеге асырылады.

 3. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген теріс себептермен судья лауазымынан босатылған адамдарды қоспағанда, бұрын кемінде бес жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және босатылған күннен бастап төрт жыл ішінде судья лауазымына қайтадан орналасуға ниет білдірген адамдар біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.

4. Мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген адамдар мамандандырылған магистратурада оқуын аяқтаған күннен бастап төрт  жыл бойы біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.

5. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде кір келтірген теріс қылықтары және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін судья қызметінен, құқық қорғау органдарынан немесе өзге де мемлекеттік қызметтен шығарылған адамдар біліктілік емтихандарын тапсыруға жіберілмейді.

6. Біліктілік емтиханын тапсыру нәтижесі емтихан тапсырылған күннен бастап төрт жыл бойы жарамды болады.

7. Біліктілік емтихандарын тапсыра алмаған адамдар оларды қайтадан тапсыруға бір жылдан кейін жіберіледі.

8. Біліктілік емтиханын тапсырған адамдар туралы, сондай-ақ біліктілік емтихандарының үлгі сұрақтары  жалпыға бірдей қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.

9. Судьялыққа кандидаттардан емтихан алу кезеңдерінің бірін қабылдау жүзеге асырылатын электрондық жүйе ақпаратқа санкциясыз қол жеткізуді, ақпаратты жинау, өңдеу, жинақтау, сақтау, іздестіру және берудің бағдарламалық-техникалық жұмыс істеуінің бұзылуын, көрсетілген құралдардың істен шығуын болғызбайтын тиісті қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілуге тиіс.

Электрондық жүйенің  осы тармақтың бірінші бөлігінде  көрсетілген талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында тәуелсіз бағалау, оның ішінде шетелдік мамандар тартыла отырып, тәуелсіз бағалау жүргізілуі мүмкін.

10. Біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі үш кезеңді қамтиды:

1)  заңнаманы білуі және оны практикада қолдана білу қабілетін компьютерлік тестілеу;

2) үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін емтихан билеттері бойынша тексеру;

3) психологиялық тестілеу.

Емтихан билеттеріндегі  сұрақтардың санын Комиссия белгілейді.

Біліктілік емтихандарына енгізілуге тиіс сұрақтардың тізбесін және емтихан билеттерін әзірлеуді Комиссия ұйымдастырады. Сұрақтардың тізбесі Кеңестің отырысында  бекітіледі.

14-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тарту

Судьялыққа кандидаттар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қойылған талаптарға сай келмеген жағдайларда, біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тартуға жол беріледі.

Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тартқан жағдайда Комиссия өтініш берілген күннен бастап бір ай ішінде азаматқа дәлелді жауап беруге міндетті.

15-бап. Полиграфологиялық зерттеуді қабылдаудың (тапсырудың) тәртібі мен шарттары

1. Біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған адамдар қосымша ақпарат алу және беріліп отырған мәліметтердің дұрыстығын тексеру мақсатында полиграфологиялық зерттеуден өтеді.

2. Зерттеуден өтудің негізгі мақсаттары:

1) құқыққа қарсы ниетін;

2) мінезінің жасырын бұзылуын, келеңсіз тәуелділікті, есірткі, психотроптық заттарды және психикалық және физикалық тәуелділік туғызатын өзге де психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуды;

3) сауалнамалық деректерді, табысы, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері туралы мәліметтерді, қос азаматтығының болуын, жалған құжаттарды пайдалануын жасыруын немесе бұрмалауын;

4)  бұрын орын алған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған, құпия және қызметтік ақпаратты бөгде адамдарға беру фактілерін;

5) тәртіптік, әкімшілік және оның ішінде  сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін  қылмыстық  жауаптылыққа тартылу фактілерін;

6) тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік  ұйымдармен байланысын немесе егер бұл олардың  лауазымдық міндеттеріне кірмеген болса, коммерциялық құрылымдарға қатысқанын;

7) лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғанын анықтау болып табылады.

3. Полиграфологиялық зерттеудің қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.

4. Полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

5-тарау. Аудандық сот төрағасы, аудандық, облыстық және Жоғарғы Сот судьясы лауазымына тағайындау туралы ұсынымдар шығару

16-бап. Судья лауазымына конкурс

1. Кеңестiң аудандық сот  төрағасының  және   судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымдарына тағайындау туралы  ұсынымы конкурстық қараудың нәтижелерi бойынша берiледi.

2. Конкурс жариялау туралы шешімді Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың  қызметін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның ұсынымына негізделген Кеңес хатшысының ұсынысы бойынша Кеңес Төрағасы қабылайды.

3. Аудандық сот  төрағасының  және   судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымдарына бос орындар туралы ұсыныс конкурсты жариялау үшін негіз болып табылады.

4. Кеңестің аудандық сот  төрағасының  және   судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымдарына конкурс жариялау туралы хабарландыруын Кеңес аппараты  конкурстан бір ай бұрын  Қазақстан Республикасының  барлық аумағында Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында конкурсқа дейін кемінде бір ай бұрын қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.

5. Аудандық сот  төрағасы және   судьясы, облыстық сот судьясы және Жоғарғы Сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысу үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында хабарландыру жарияланған күннен бастап бір айдың ішінде Кеңес аппаратына өтініш және тізбесі Кеңес регламентімен белгіленген басқа да құжаттарды беру қажет.

6. Кеңес аппараты конкурсқа құжаттар қабылдауды аяқталғаннан кейін  үміткерлердің тізімін кандидаттарды жұмыс орны бойынша тексеру, құқық қорғау органдарынан мәліметтер алу үшін барлық облыстық соттарға жібереді және оларды Кеңестің веб-сайтына және жалпыға бірдей қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырады.

Үміткерлердің жеке басы туралы толық әрі объективті ақпарат алу мақсатында Кеңес апараты құқық қорғау органдарынан және олардың аумақтық бөлімшелерінен, басқа да мемлекеттік органдардан, адвокаттар алқаларынан үміткерлер туралы қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.

17-бап. Аудандық сот  төрағасы, аудандық және облыстық сот судьясы,  Жоғарғы Сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар

1. Аудандық және оларға теңестірілген соттың төрағасы және судьясы лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келетін азаматтар, ал жұмыс істейтін судьялар болып табылатын кандидаттар – «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабының және 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келсе, қатыса алады.

Аудандық сот  төрағасы  бос лауазымына кандидатуралар жұмыс істеп жүрген судьялар болуы немесе судья лауазымында кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы және жоғары тұрған судьяның және/немесе отставкадағы судьяның бірінің және судья болып табылмайтын бір адамның жазбаша кепілгерлігін алуға тиіс.

2. Облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін, заң мамандығы бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі, соның ішінде судьялық жұмыста  кемінде бес жыл өтілі бар, облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын және жоғары тұрған судьяның және/немесе отставкадағы судьяның бірінің және судья болып табылмайтын бір адамның жазбаша кепілгерлігін алған азаматтар қатыса алады.

Жұмыс iстеп жүрген судьялар үшін тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы талап етілмейді.

Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым жасалуы мүмкін.

Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын кандидат Кеңеске ұсынады.

3. Жоғарғы Соттың судьясы  лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін, заң мамандығы бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі, соның ішінде судьялық жұмыста  кемінде он жыл, оның кемінде бес жылын облыстық соттың судьясы болып істеген және  облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын және жоғары тұрған судьяның және/немесе отставкадағы судьяның бірінің және судья болып табылмайтын бір адамның жазбаша кепілгерлігін алған азаматтар қатыса алады.

Жоғары Соттың жалпы отырысының қорытындысын  кандидат Кеңеске ұсынады.

4.  Аудандық сот төрағасы және судьясы, облыстық сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін Қоғамдық  кеңестің және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша облыстық соттың жалпы отырысының қортындысын алуға тиіс. Қоғамдық кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.

Жоғарғы Соттың судьясы  лауазымына конкурсқа қатысшылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін Қоғамдық  кеңестің және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жалпы отырысының  қорытындысын алуға тиіс. Қоғамдық кеңестің, облыстық соттың және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының  қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.

5. Аудандық сот  төрағасы және   судьясы, облыстық сот судьясы және Жоғарғы Сот судьясы лауазымына  конкурсқа қатысушылар туралы, тиісті облыстық соттың және Жоғарғы Соттың  жалпы отырысының, Қоғамдық кеңес отырысының өткізілетін күні туралы, сондай-ақ олар қабылдаған шешімдер  туралы  ақпарат жалпы жалпыға бірдей қолжетімді интернет-ресурстарда және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.

18-бап. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеу тәртібі

1. Бос лауазымдарға кандидаттарды конкурстық іріктеуді Кеңес өз қызметіне араласуды болдырмау жағдайында, ашық және жария түрде жүзеге асырады.

2. Білім деңгейінің жоғары болуы, моральдық-адамгершілік қасиеті мен мінсіз беделінің болуы аудандық және оған теңестірілген сот судьясының бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеудің негізгі өлшемшарттары болып табылады. Бұл ретте:

1) мамандандырылған магистратурада біліктілік емтиханын тапсырған;

2) сотта іс жүргізуге тікелей қатысумен байланысты заң мамандығы бойынша жұмыс өтілі көп адамдарға;

3) біліктілік емтиханын тапсыру нәтижелері ескеріле отырып;

4) ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы бар адамдарға;

5) судья лауазымына конкурсқа үш реттен астам қатысқан адамдарға;

6) жоғары білім туралы дипломның орташа бағасының нәтижесі ескеріле отырып басымдық беріледі.

3. Арнайы білімінің болуы  мамандандырылған соттардағы судьялардың бос лауазымдарына  кандидаттар таңдаудың қосымша өлшемшарттары болып табылады.

4. Сотта іс жүргізуге тікелей қатысумен байланысты        жұмыс өтіліне:

1)  сот отырысының хатшысы;

2) судьяның консультанты (көмекшісі);

3) сот процестеріне қатысушы  прокурор;

4) сот процестеріне қатысушы  адвокат;

5) төреші ретіндегі жұмыс  есептеледі.

5. Облыстық және оған теңестірілген сот судьясының, Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу кезінде мынадай өлшемшарттар:

1) судья лауазымындағы жұмыс өтілі;

2) мінсіз беделінің болуы және сот төрелігін жүзеге асыру сапасы;

3) ғылыми дәрежесінің немесе ғылыми атағының болуы;

4) судья лауазымына конкурсқа үш реттен астам қатысқаны ескеріледі.

6. Аудандық сот судьясының бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу кезінде осы баптың 2-тармағында көрсетілген өлшемшарттарға қосымша ұйымдастырушылық қабілеті де ескеріледі.  

7. Кеңес аудандық сот төрағасының, облыстық сот судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды тиісті облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының қорытындысы және жоғары тұрған судьяның және/немесе отставкадағы судьяның бірінің және судья болып табылмайтын бір адамның жазбаша кепілгерлігі болған кезде қарайды.

 Жұмыс iстеп жүрген судьялар үшін тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы талап етілмейді.

Кеңес Жоғарғы Сот судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды Кеңес Жоғарғы Соттың жалпы отырысының  қорытындысы және және жоғары тұрған судьяның және/немесе отставкадағы судьяның бірінің және судья болып табылмайтын бір адамның жазбаша кепілгерлігі болған кезде қарайды.

8. Кеңес мүшелерінің аудандық соттардың төрағаларының және судьяларының, облыстық соттардың судьяларының және Жоғарғы Сот судьяларының бос лауазымына орналасу туралы мәселені Кеңестің тікелей отырысы барысында мынадай:

1) судьялардың бос лауазымдары және оларға орналасуға үміткерлердің саны  туралы мәліметтерді жариялау;

2) Кеңес мүшелерінің  судьяның бос лауазымына үміткер кандидатураларды  талқылауы;

3) Кеңес мүшелерінің  дауыс беруге кандидатураларды ұсынуы;

4) ұсынылған кандидатура бойынша Кеңес ммүшелерінің дауыс беруі;

Қажет болған кезде дауыс беру жасырын өткізілуі  мүмкін;

5) Кеңес мүшелерінің  бос лауазымға кандидатураларды қарау қорытындыларын қорыту тәртібімен жүзеге асырылады.

Кеңес отырысына қатысқан оның мүшелерінің үштен екісінің дауысын алған кандидат  бос лауазымға орналасуға конкурс жеңімпазы деп танылады.

9. Жұмыс істеп жүрген судья болып табылмайтын және  конкурста жеңіске жеткен кандидат  қосымша міндетті түрде арнайы тексеруден өтуге тиіс.

Арнайы тексеруден өтуді Кеңес аппараты ұйымдастырады.

Мемлекеттік қызметте үзіліссіз өтілі бар және бұрын арнайы тексеруден өткен кандидаттар кадр қызметі куәландырған  тиісті анықтаманы бере алады.

Арнайы тексерудің нәтижелері туралы құжат оны берген күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады.

10. Егер арнайы тексеру нәтижелері бойынша конкурста жеңісе жеткен кандидатқа қатысты  іс қозғалғандығы, оның ішінде оның кейіннен ақталғандығы туралы куәландыратын мәліметтер анықталған болса, онда прокуратура органдары  мұндай кандидаттарға қатысты қорытындысы Кеңес отырысында қаралатын қылмыстық істер материалдарын зерттей отырып, қосымша тексеру жүргізеді.

Аудандық соттың төрағасына немесе судьясына, облыстық соттың судьясына және Жоғарғы Соттың судьясына лауазымға таңдаудан өткен және Кеңес тағайындауға ұсынған кандидатты тағайындауға кедергі келтіретін негіздер болған, сондай-ақ бос лауазымға тағайындаудан оның өзі бас тартқан жағдайда Кеңес  ұсыным беру туралы шешімінің күшін жояды және конкурсқа қатысқан адамдар арасынан басқа кандидатты лауазымға тағайындау үшін ұсыным беруі мүмкін.

11. Егер конкурс нәтижесіне бос лауазымға кадидаттар іріктеп алынбаған болса, мұндай бос лауазымдар бойынша конкурс  болмаған де танылады және қайта конкурс жариялануы мүмкін.

12. Бос лауазымға кандидаттарды іріктеудің нәтижелері бойынша Кеңес хатшысы конкурсқа қатысушыларға конкурс аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінің ішінде оның нәтижелері туралы тиісті хабарлама жібереді.

6-тарау. Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары, облыстық соттардың төрағалары мен сот  алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды қарау тәртібі

19-бап. Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары, облыстық   соттардың төрағалары мен сот  алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды қарау тәртібі

1. Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде енгізген ұсынуы бойынша баламалы негізде қарайды.

 2. Облыстық соттардың төрағалары мен  сот алқаларының төрағалары бос лауазымдарына кандидатураларды жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсынылады.

 Жоғары Сот  сот алқалары төрағаларының лауазымына кандидатуралар Жоғарғы Сот судьялары арасынан ұсынылады.

 Бұл ретте облыстық соттың төрағалары мен сот алқасы төрағаларының, Жоғарғы Соттың алқа төрағаларының лауазымына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған адамдарға басымдық беріледі.

 3. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуына тиісті соттың жалпы отырысында баламалы негізде қаралған барлық кандидаттардың материалдары қоса беріледі.

4. Кеңес облыстық соттар  төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот  сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына ұсынылған барлық кандидатураларды отырыста міндетті түрде қарайды.

20-бап. Бос лауазымдарға  кандидатураларды қарау шарттары

Аудандық соттардың төрағалары, облыстық соттардың сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Сот  сот алқаларының төрағалары өздері тиісті сотта істеп жүрген лауазымға  қатарынан екі реттен артық тағайындалмайды.

7-тарау. Төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы материалдарды қарау тәртібі

21-бап. Сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны  лауазымынан босату туралы не босатудан  бас тарту туралы мәселені қарау үшін негіздер

1. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы Кеңестің сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады. Сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін, кәсіби жарамсыздығына орай немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін лауазымынан босату жөніндегі ұсынуды Жоғарғы Сот Төрағасы Кеңеске Сот жюриі шешімінің негізінде енгізеді.

 2. Кеңес материалдарды алғаннан кейін, регламентте белгіленген тәртіппен ондағы мәліметтерді сот төрағасынан, сот алқасының төрағасынан, судьядан және басқа да адамдардан жазбаша түсініктеме алу, тиісті құжаттарды талап етіп алдыру және олармен танысу, мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан өзге де ақпараттарды алу арқылы тексереді.

3. Тексерудің нәтижелері бойынша анықтама әзірленеді. Анықтамада анықталған мән-жайлар, тексерушілердің қорытындысы мен ұсыныстары қамтылып, олардың қолдары қойылуға тиіс.

22-бап. Тексерудің нәтижелерімен судьяны таныстыру

1. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен таныстырылуға тиіс. Бұл ретте ол қосымша түсініктемелер беріп, белгілі бір мән-жайларды тексеру туралы өтініш бере алады.

2. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, ол туралы хаттама жасалады, оған тексеруді жүргізген адамдар қол қояды.

23-бап. Сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және  судьяны лауазымынан босату туралы мәселені  қарау

1. Кеңес сот төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қараған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы алынған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның Кеңес отырысына дәлелсіз себептермен келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның, Кеңес хатшысының өтінішхаты бойынша шақырылған басқа да адамдардың хабарламалары тыңдалуы, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.

2. Кеңестің шешімі нақты материалдарға сілтеме жасай отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне сот төрағасы, сот алқасының төрағасы және судья лауазымынан босату туралы қабылданған ұсынымға не оны қабылдаудан бас тартуға негіз болған мән-жайларды қамтуға тиіс.

3. Кеңестің сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның лауазымынан босатуға ұсыным беруден бас тартуы Сот жюриінің өзі шығарған шешімінің күшін жою және оларды қайта қарау үшін негіз болып табылады.

24-бап. Сот жюриінің шешіміне шағымдану туралы мәселені қарау

1. Сот жюриі тәртіптік және біліктілік комиссиясының шешіміне судья Кеңеске шағымдана алады.

2. Кеңес Сот жюриінің шешіміне шағымдану туралы мәселені қараған кезде Сот жюриі өзіне қатысты шешім шығарған судьяның түсініктемесі тыңдалады. Судьяның Кеңестің отырысына дәлелсіз  себеппен келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста  судьяның өтінішхатымен шақырылған  басқа адамдардың, Кеңес хатшысының хабарламасы тыңдалуы, құжаттардың жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.

3. Сот жюриі шешімінің негізсіздігі туралы Кеңестің шешімі  өздеріне шығарған Сот жюриі шешімінің  күшін жою және оны қайта қарау үшін негіз болып табылады.

8-тарау. Қорытынды ережелер

25-бап. Өтпелі және қорытынды ережелер

1. Осы қолданысқа енгізілгенге дейін тапсырылған біліктілік емтиханы нәтижесі осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін төрт  жыл бойы өз күшін сақтайды.

2. «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі туралы»  2008 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 20, 80-құжат; 2010 ж.,        № 24, 154-құжат; 2012 ж., № 5, 39-құжат; 2014 ж., № 14, 84-құжат;  №16,  90-құжат; № 22, 128-құжат) күші жойылды деп танылсын.

26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Президенті 

Пікірлер
Пікірлер мен ұсыныстар