Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының
2020 жылғы «__» __________ № ______
өкімімен бекітілген
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Жергілікті соттардың
жұмысын үйлестіру бөлімі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) (бұдан әрі - Департамент) Жергілікті соттардың жұмысын үйлестіру бөлімі (бұдан әрі - Бөлім) Департаменттің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
2. Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) туралы және Бөлім туралы ережелерді және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
3. Бөлімнің құрылымын, штат санын Департамент басшысының ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітеді.
2. Бөлімнің негізгі мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері
4. Мақсаты: жергілікті соттардың жұмысын үйлестіру.
Функциялары:
1) жергілікті соттардың және кеңселердің жұмысын үйлестіру;
2) жергілікті соттардың оң жұмыс тәжірибесін зерделеу және тарату, Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша әдістемелік материалдар әзірлеу;
3) адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституцияға сәйкес еместігін тану туралы соттың жүгінуін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің іс жүргізуіне қабылдауы туралы жергілікті соттарды ақпараттандыру;
4) Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсету;
5) іс жүргізуді және мұрағат жұмысын ұйымдастыру;
6) Департаменттің аумақтық органдары, жергілікті соттардың және кеңселер қызметінің ұйымдастырылуын тексеруді жүзеге асыруға қатысу;
7) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және құқықтық сараптауға қатысу;
8) ведомстволық нормативтік құқықтық актілерге мониторинг жүргізу;
9) жергілікті соттардың және кеңселердің қызметіне байланысты семинарлар, кеңестер өткізу;
10) Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер, хаттар дайындау;
11) Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жергілікті соттармен, соттардың кеңселерімен, басқа да мемлекеттік органдармен хат жазысу;
12) жергілікті соттармен, сот әкімшілерімен хат алмасуды жүргізу;
13) Бөлімнің құзіреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
14) Жоғарғы Сот Төрағасының және Департамент басшылығының басқа да тапсырмаларын орындау.
5. Мақсаты: сот статистикасы қызметін қамтамасыз ету.
Функциялары:
1) жергілікті және басқа да соттардың мәліметтері бойынша жиынтық статистикалық деректерді қалыптастыру;
2) статистикалық материалдарды жинауды және өңдеуді жүзеге асыру, есептік кезеңдердің қорытындылары бойынша жергілікті соттардың жұмысы туралы статистикалық ақпарат дайындау;
3) республика соттарының электрондық ақпараттық есептілік құжаттарының (бұдан әрі – ЭАЕҚ) нанымды, толық әрі дұрыс толтырылуына бақылау жүргізу;
4) аудандық және оған теңестірілген соттардың статистикалық қызметін жүргізуде, сондай-ақ ЭАЕҚ толтыру мәселесі бойынша облыстық және оған теңестірілген соттарға консультативтік және практикалық көмек көрсетуге қатысу;
5) құқықтық статистика жөніндегі уәкілетті органмен ЭАЕҚ қалыптастыру және нұсқаулықтар мен қағидаларды келісу бойынша өзара іс-қимыл жасау;
6) Жоғарғы Сот Төрағасының және Департамент басшылығының басқа да тапсырмаларын орындау.
6. Бөлім өзіне жүктелген негізгі міндеттер мен функцияларды жүзеге асыру кезінде келесі құқықтары мен міндеттері бар:
1) өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін, Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінен қажетті ақпаратты және материалдарды сұратуға және алуға;
2) Департаменттің және Бөлімнің қызметін ұйымдастыруды жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге;
3) Департаменттің және Бөлімнің қызметін ұйымдастыруды жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге;
4) Жоғарғы Соттың және Департаменттің жұмыс жоспарына, Департамент Басшысымен бекітілген Бөлім қызметкерлерінің қызметтік нұсқаулығына сәйкес қызметті жүзеге асыруға;
3. Бөлімнің қызметін ұйымдастыру
7. Бөлімнің заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі мақсаттары мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктері бар.
8. Бөлімді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын меңгеруші басқарады.
9. Бөлім меңгерушісінің бір орынбасары болады.
10. Бөлім меңгерушісі Бөлімнің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Бөлімге жүктелген мақсаттардың орындалуы мен оның өз функцияларының жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік көтереді.
11. Бөлім меңгерушісі Департамент басшысына Бөлімнің құрылымы мен штат кестесі туралы ұсыныстар енгізеді.
12. Бөлім меңгерушісі осы мақсатта:
1) орынбасардың міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
2) Бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
3) заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Департамент туралы ережеге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес өзге де өкілетіктерді жүзеге асырады.
13. Бөлім меңгерушісінің орынбасары:
1) өз өкілеттіктері шегінде Бөлімнің қызметін үйлестіреді;
2) Бөлім меңгерушісі болмаған кезде Бөлімге жалпы басшылықты жүзеге асырады және Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларының жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік көтереді;
3) басшылық жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
14. Бөлім құзыретіне енетін мәселелер бойынша Бөлімнің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Бөлім меңгерушісі, ал ол болмаған жағдайда – оны алмастыратын адам қол қояды.
15. Бөлімнің қызметі Жоғарғы Соттың және Департаменттің Жұмыс жоспарларына, Бөлім қызметкерлерінің Департамент басшысы бекіткен лауазымдық нұсқаулықтарына сәйкес жүзеге асырылады.
16. Бөлімнің жұмысы өзара алмасу, есептілік, Бөлімнің алдына қойылған міндеттердің орындалуы үшін дербес жауапкершілік негізінде құрылады.