Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз
ету департаменті (Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының
2020 жылғы «__» ___________
№ _________өкімімен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы
Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің
(Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының)
Қаржы бөлімі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Қаржы бөлімі (бұдан әрі - Бөлім) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) (бұдан әрі - Департамент) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
2. Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңды, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін, Қазақстан Республикасының Салық кодексін, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарды, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік актілерін, Департамент туралы ережені, Жоғарғы Сот Төрағасы мен Департамент басшысының өкімдерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Бөлімнің құрылымын, штат санын Департамент басшысының ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітеді.
4. Бөлімнің құрылымына 2 сектор:
1) бюджеттік жоспарлау секторы;
2) бухгалтерлік есеп және есептілік секторы кіреді.
2. Бөлімнің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары
5. Міндеті: алдағы үш жылдық кезеңге арналған сот жүйесі бюджетінің шығыстарын қалыптастыру, Департаменттің және оның аумақтық органдарының қаржыландыру жоспарын қалыптастыру және оған өзгерістер енгізу, бөлінген бюджет қаражатын игеру барысы туралы ақпарат дайындау.
Функциялары:
1) бюджеттік бағдарламаларға сәйкес бюджеттік шығыстардың бағытын айқындау;
2) Департаменттің және оның аумақтық органдарының алдағы үш жылдық кезеңге арналған жиынтық бюджеттік өтінімін әзірлеу және қалыптастыру;
3) алдағы үш жылдық кезеңге арналған Жиынтық бюджеттік өтінімді жоспарлау жөніндегі орталық мемлекеттік органға уақтылы ұсынуды қамтамасыз ету;
4) «Мемлекеттік жоспарлау ақпараттық жүйесі», «Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру мониторингі», «Қаржыландыру жоспарын қалыптастыру» базасына деректерді енгізу;
5) бюджеттік бағдармаларды қаржыландыру жоспарының жобаларын бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органға уақтылы ұсыну;
6) Департамент пен оның аумақтық органдарының бюджеттік бағдарламаларының міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларын бекітуге ұсыну, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
7) Департамент пен оның аумақтық органдарының тиісті қаржы жылына штат кестелерін қалыптастыру және бекітуге ұсыну, сондай-ақ оларға өзгерістер енгізу;
8) Департамент пен оның аумақтық органдарының республикалық бюджеттің игерілуі туралы ай сайынғы, тоқсандық және жылдық жедел ақпараттарын жинау;
9) Республикалық бюджетті игеру туралы жиынтық ақпаратты ай сайын дайындау және бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті органға ұсыну;
10) тиісті қаржы жылына республикалық бюджеттің орындалуы туралы жылдық есепті қалыптастыру және бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсыну;
11) Бөлімнің құзыреті шеңберінде нормативтік құқықтық актілердің, нұсқамалық және әдістемелік нұсқаулардың жобаларын әзірлеуге қатысу;
12) Бөлімнің құзыретіне кіретін өзге де есептерді мемлекеттік органдарға даярлау;
13) Бөлімнің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың хаттарын, арыздарын және өзге де өтініштерді қарау.
6. Міндеті: Бюджет қаражатын жұмсау кезінде Департаментте және оның аумақтық органдарында бухгалтерлік есептің және есептіліктің жүргізілуін ұйымдастыру.
Функциялары:
1) «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтау;
2) құжаттардың уақтылы және дұрыс ресімделуін әрі жасалатын операциялардың заңдылығын алдын ала бақылау;
3) бухгалтерлік құжаттардың және бухгалтерлік есептіліктің қолданыстағы заңнамаға сәйкес сақталуын қамтамасыз ету;
4) аумақтық органдар қызметінің бухгалтерлік есебіне және есептілігіне ұйымдық және әдістемелік басшылықты жүзеге асыру;
5) жауапкершілік жүктелген сақтауда тұрған құндылықтарды есепке алу және сақтау мәселелері бойынша материалдық жауапты адамдарға нұсқау беруді жүргізу;
6) материалдық және қаржы ресурстарының тиімді пайдаланылуын, мемлекеттік меншіктің сақталуын бақылауды қамтамасыз ету;
7) активтерді, материалдық емес активтерді, ақша қаражатын, тауарлық-материалдық құндылықтарды түгендеуді жүргізуді, басқа дебиторлармен және кредиторлармен есеп айырысудың белгіленген қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету;
8) ағымдағы қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларында бекітілген сомалар шегінде шығыстардың экономикалық сыныптамалар ерекшеліктері бойынша міндеттемелердің қабылдануын бақылау;
9) еңбекке ақы төлеу қорының дұрыс жұмсалуын қамтамасыз ету;
10) Жоғарғы Соттың судьяларына, Департамент қызметкерлеріне және техникалық қызметкерлерге жалақыны, іссапар шығыстары мен басқа да төлемдерді мерзімінде есептеу және төлеу;
11) бюджетке аударылатын төлемдердің дұрыс есептелуін және уақтылы аударылуын қамтамасыз ету;
12) аумақтық органдар ұсынатын тоқсандық және жылдық бюджеттік есептерді тексеруді жүзеге асыру;
13) жиынтық тоқсандық және жылдық бюджеттік және қаржылық есептерді әзірлеу және белгіленген мерзімдерде ұсыну;
14) Департаменттің қаржылық, салықтық және статистикалық есептілігінің уақтылы өткізілуін қамтамасыз ету;
15) аумақтық органдардың дебиторлық және кредиторлық берешегін жинауды және оның жай-күйін талдауды қамтамасыз ету, тиісті есептілікті ұсыну, оларды қысқарту жөнінде ұсыныстар дайындау;
16) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен мемлекеттік мүлік туралы келісуге, оларды иеліктен айыруға немесе қайта бөлуге байланысты хат жазысуды жүргізу;
17) Бөлімнің құзыретіне кіретін өзге де есептерді мемлекеттік органдарға даярлау;
18) Бөлімнің құзыретіне жататын мәселелер бойынша заңды және жеке тұлғалардың, мемлекеттік органдардың хаттарын, арыздарын және өзге де өтініштерін қарау;
19) Жоғарғы Сот Төрағасы және Департамент басшылығы Бөлімге жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
7. Бөлім негізгі міндеттерді іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру үшін:
1) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешім қабылдауға;
2) бюджет шығыстарын оңтайландыру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
3) Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша семинарларды, кеңестерді және басқа да іс-шараларды өткізуге;
4) Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінен және оның аумақтық органдарынан Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті деректерді, анықтамаларды, түсіндірулерді, ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
5) Бөлімнің алдына қойылған міндеттерді шешу бойынша ұсыныстарды әзірлеуге және басшылықтың қарауына енгізуге;
6) Департамент басшылығына Бөлімнің жұмысын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
7) Бөлімнің құзыретінен туындайтын өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
8. Бөлім оған жүктелген негізгі міндеттер мен функцияларды жүзеге асыру кезінде:
1) Департаменттің құрылымдық бөлімшелері мен олардың лауазымды адамдарынан ақпарат пен материалды, сондай-ақ Бөлімнің қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да мәліметтерді сұратуға және алуға;
2) Департамент пен Бөлімнің қызметін жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге;
3) Департамент басшысы бекіткен осы Ережеге сәйкес ұсынылған өкілеттіктер шегіндегі қызметті жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға құқылы.
3. Бөлімнің қызметін ұйымдастыру
9. Бөлім заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажет өкілеттіктерді иеленеді.
10. Бөлімді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын меңгеруші басқарады.
11. Бөлім меңгерушісінің орынбасары болады.
12. Бөлім меңгерушісі Бөлімнің қызметіне жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады, Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапкершілік көтереді.
13. Бөлім меңгерушісі Департамент басшылығына құрылымдық бөлімшенің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар енгізеді.
14. Осы мақсаттарда Бөлім меңгерушісі бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды.
15. Бөлім қызметкерлерінің функционалдық міндеттері, құқықтары мен жауапкершілігі Ереженің негізінде әзірленетін тиісті лауазымдық нұсқаулықтармен айқындалады және оларды Департамент басшысы бекітеді.
16. Бөлімнің атынан Департаменттің басшылығына, мемлекеттік органдарға, Департаменттің құрылымдық бөлімшелеріне Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жіберілетін құжаттарға Бөлім меңгерушісі, ол болмаған кезде – Бөлім меңгерушісінің орынбасары қол қояды.
17. Бөлім меңгерушісі болмаған кезенде оның міндетін атқару Бөлім меңгерушінің орынбасарына жүктеледі.
________________________