Құқық тарихының мұражайы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Құқық тарихының мұражайы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанынан 2001 жылғы 14 наурызда ашылды. 

Құқық тарихының мұражайы үшін жәдігерлер, құжаттар, фотосуреттер Қазақстан, Омбы, Москва және Санкт-Петербургтегі Ресей Федерациясы мемлекеттік тарихи архивтері мен мұражайлары, кітапханаларынан жинастырылды. Олардың арасында билер сотына қатысты тарихи құнды құжаттар, фотосуреттер бар. 
2004 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Соттың жаңа ғимаратын және Құқық тарихы мұражайын салтанатты түрде ашты. 
Құқық тарихының мұражайындағы жәдігерлері 4 бөлімге бөлінген, олардың әрқайсысының өзіндік тарихи ерекшеліктері бар.

1-бөлімДәстүрлі құқық және сот билігі 
Бұл бөлімде Түркі қағанатын басқару кезеңінен бергі сот билігі туралы материалдар, дәстүрлі құқыққа қатысты әдет-ғұрыптар, қылмыстықтық құқық және жаза қолданудағы заңнамалық құжаттар орын алған. 
Қазақстан Ресейге қосылғанға дейін заманаларда билер сот функциясымен қатар мемлекеттік және жергілікті әкімшілік органдардың билік функциясын қоса атқарды. Яғни, билер судьялық қызметпен қатар, ел билеу ісіне де араласқан.

2-бөлімПатшалық Ресейдің билігі және дәстүрлі құқық 
Бұл бөлімде Ресей империясы XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап ел басқаруды, сот билігін жүргізуді қолына алғанын айғақтайтын материалдар орналасқан. Ол кезде Ресей заңдарымен қатар Қазақтың дәстүрлі құқығы қатар жұмыс істеді. Осы бөлімде қазақтардың салт-дәстүр, әдеттік құқықтарына байланысты реформалар, сот билігінің жаңа органдары (әскери-сот комиссиялары, уездік соттар) құрылғанын бейнелейтін жәдігерлер мен құжаттар қойылған. 
Сондай-ақ әскери губернаторлардың 1867-1868 жылдардағы жаңа реформаларға сәйкес ауылдық, болыстық билер сотын сайлау және бекіту рәсімін айғақтайтын құжаттар, сұлтандардың, старшиндардың, ауыл ақсақалдарының, XVIII-XIX ғасырлардағы билердің мөрлері, марапаттау белгілері, киген шапандарының үлгілері де бар.

3-бөлімКеңес дәуірінің мемлекеттік құқық жүйесі 
Бөлімде Қазақстандағы совет өкіметінің кезеңіне байланысты фотосуреттер, құжаттар мен басқа да жәдігерлер бар, олардың арасында РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімшесінің (Қазақ АССР Жоғарғы Сотының) 1937-1938 жылдарда кінәсіз қуғын-сүргінге ұшырап, халық жаулары деп танылған, атылып кеткен төрағалардың өмірі мен қызметі туралы материалдар бар. 
Сот саласына адал қызмет етіп, Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандарда ел қорғаған адамдар есімі мәңгі өшпейді. Мұражай стенділеріндегі фотосуреттер мен өзге де құжаттар сот органдары ардагерлерінің ауыр тағдырын бейнелейді.

4-бөлімТәуелсіз Қазақстан 
Егемен Қазақстанның қалыптасуы соттардың тәуелсіздігін нығайтумен және сот-құқық реформасын жүргізумен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының 2000 жылғы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға қол қоюы осы кезеңнің басты оқиғасы болып табылды. Заң жобасы мұражайға орналастырылған. 
Осы бөлімге қойылған фотосуреттер Жоғарғы Соттың 1997 жылғы 10 шілдеде Алматыдан Астанаға көшіп келуін, сондай-ақ 1998 жылы Жоғарғы Сот ғимаратының жанында (Омаров көшесінің бойында) қазақтың үш биі: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ескерткішінің ашылуы туралы бейнелейді. 
Мұражай стендтеріне мемлекет рәміздері – ту, елтаңба мен гимн мәтіні, басқа да жәдігерлер – 1995 жылғы Конституция, «Құрметті судья» белгісі, сондай-ақ мұражайға шетелдерден келген делегациялардың естелік сыйлықтары мен кәдесыйлары және шетелге барған Жоғарғы Сот делегацияларына ұсынылған сыйлықтар қойылған.