Билер соты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазіргі заманғы қазақстандық сот-құқық жүйесі жаңа тарих тұрғысынан қалыптасты, яғни ол көп жағдайда өзінің бітім-болмысымен әлемдік сот төрелігінің талаптарына әрі стандарттарына сай келеді. Сонымен қатар, оның әлемдік құқықтық жүйеге кірігетінін де атап айту қажет. Біздің халқымыздың тарихында қазақтардың ортағасырлық мемлекеттілігі орныққан кезеңде өзінің мәні мен мақсаты бойынша бірегей ежелгі қазақ құқығы қалыптасты. Ол ғасырдан ғасырға ұласып өз жалғасын тауып келеді. Сондықтан да ол бүгінгі таңдағы сот төрелігінің жоғары стандарты болуға, республика сот жүйесінің қалыптасу процесін дамытуға әрі рухын байытуға лайық.

Алматыда 2013 жылы «Қазақ билер соты - бірегей сот жүйесі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Форум Ресей, Қытай, Үндістан, Жапония, Ұлыбритания мен басқа да көптеген елдердің тарих, филология, философия саласындағы екі жүз елуге жуық танымал отандық және шетелдік ғалымдарын біріктіріп, құқықтық жүйелердің қалыптасуы мен дамуын зерттеуде, елдің заңтану саласы мен ғылыми және құқықтық өмірінде маңызды оқиғаға айналды. Қазақстанның Жоғарғы Соты бірқатар қазақстандық ғалымдардың бірегей билер соты туралы мәселені оқу орындарында зерттеумен шектеліп қана қоймай, көшпенділер өркениеті құқықтық жүйесінің жалпы мәдени құндылығын мойындай отырып әлемдік қоғамдастыққа таныту жолындағы ұмтылысын қолдады.

Әлемдік өркениет үдерісіндегі қазақ билер сотының рөлі, оның экономикалық, әлеуметтік, институционалдық аспектілері, қазақ құқығының этноантропологиялық негізі туралы талқылауға ұсынылған мәселелер өте қызықты болды. Сонымен қатар, шешендік өнерге және билердің шешендігіне, сот жүйесінің жазба тарихына, даулардың жекелеген түрлерін реттеуге, келісу рәсімдеріне, тіпті гендерлік талдауға қатысты құнды ой-пікірлер білдірілді.

Халықтың ұлттық шығу тегіне, санасына және тарихи жадына, жалпы жұртшылық таныған моральдық және адами құндылықтарға ден қою кездейсоқтық емес. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы әріптесіне айналып отыр. Оның әділ әрі қолжетімді сот төрелігі туралы ережелері ерекше маңызға ие болды. Бұл құқықтық нұсқамалардың мазмұнына ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғам мен әрбір азаматтың құқықтық мәдениетінің деңгейіне де өз талаптарын қояды.

Бұл тұрғыда, әрине, билер соты институтының қазақстандық қоғамның мемлекеттілігі мен құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы маңызына баға берген орынды. Қазақтың ұлы билері бізге бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған бай рухани мұра қалдырды. Мысалы, ХІХ ғасырдағы әйгілі орыс зерттеушісі В. Григорьевтің «...оларда (қазақтар. - Авт.) көптеген өркениетті халықтар қызғанышпен қарайтындай дәрежедегі керемет сот ісін жүргізу үрдісі және тергеу мен сот процесінің тәртібі пайда болды» деп жазды. Біз далалық өлкенің басқа да орыс шолушыларының шығармаларынан қазақ соты мен билер туралы көптеген жағымды пікірлерді таба аламыз.

Осы тұжырымдардың да өзіндік үлкен орны бар. Өйткені көшпелі қоғамның қойнауында қалыптасқан қазақ сот төрелігі өзінің бірегейлігіне орай жалпы жұртқа кеңінен танылып, «сот төрелігінің алтын ғасыры» атағына ие болды. Халық жадында Алтын ғасыр дәл осы Тәуке ханның билігі кезінде билер іске асырған сот төрелігімен және қазақ даласындағы заңдылық салтанат құрған кезеңмен байланысты. Билер соты қазақ қоғамының өмірінде топтастырушы рөл атқарып, мемлекеттің маңызды институты, тіпті оның тірегі болды. Бұл мемлекетті сақтаудың, қазақ көшпенділерінің бірлігін қамтамасыз етудің қуатты факторына айналды. Осы уақытта атақты «Жеті жарғы» құқықтық ережелері жарық көрді.

Билер соты жоғары моральдық сот ретінде оның берік негіздерін құрайтын іргелі қағидаттарға негізделді. Атап айтқанда, судьяның сатылмайтындығы, әділеттілік, сот шешімдерінің мәні мен моральдық бағыты, соттың қолжетімділігі мен жариялылығы, судьяның шешендік өнерді сот шешімін дәлелдеу және негіздеу құралы ретінде меңгеруі, соттың тараптарды татуластыруы және құқық бұзушылық салдарынан келтірілген залалды толық өтеу дала сотының өзіндік ерекшелігі мен әлеуетін білдіреді. Билер сотының тағы атап көрсетерлік айқын белгілерінің бірі оның рухани бағытты ұстанатындығында екенін айтқан жөн. Өйткені билер қараған даулардың рухани мазмұны әрдайым басым болды. Билер билік жүргізу кезінде ең алдымен қоғамда қалыптасқан моральдық көзқарастарды ұстануға тырысты.

Ежелгі қазақтардың сот төрелігіне «халықтық сот төрелігі» деген анықтама берген дұрыс болады деп ойлаймын. Халық билердің билік жүргізуін мойындады. Шын мәнінде осының өзі, яғни халықтың сенімі  бидің сот төрелігін еркін жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Билер қазақтардың құқықтың нормаларын жүзеге асырушылар болып табылды. Олар қолданыстағы заңдардың білгірлері, заңды түсіндірушілер, реформаторлар мен заң шығарушылар, хандар мен сұлтандардың кеңесшілері ретінде іс жүзінде мемлекеттің барлық құқықтық функцияларын орындады. Олардың қызметінің басты ұстанымы әділеттілік қағидасы болды.

Халықтың мүдделері олар үшін кейбір жергілікті мүдделерден жоғары тұрды. Атақты Әйтеке би «менің өмірім халыққа тиесілі, ал менің өлімім ғана маған тиесілі» деген екен. Осындай рухы күшті билер мінсіз, барынша жеңілдетілген және тиімді сот ісін жүргізді. Шоқан Уәлиханов қазақ билері жүргізген сот төрелігінің тиімділігін айқын сипаттай келе ресейлік талап қоюшылар мен жауапкерлер көп жағдайларда билер сотын орыс тергеуінен артық көрді деген қызық пікір білдірді. Осы орайда мұндай жүздеген фактілер тіркелгенін айта кеткен жөн. 

Әрине, қазіргі заман мен еліміздің өткен өмірінің арасы тым алшақ. Сондықтан да көнерген дәстүрлерді сол қалпында алып келіп пайдалану мүмкін емес. Дегенмен, кейде мұндай ұсыныстар ара-кідік естіліп те қалады. Әсіресе аралық, бітімгершілік соттар немесе сотқа дейінгі татуласу институты туралы айтылған кезде осындай пікірлер туындайды. Бірақ, әрине, біз билер сотының бай мұрасынан көп нәрсені ала аламыз және алуға тиіспіз. Ең бастысы - тарих тағылымы лайықты судья кадрларын тәрбиелеуде, сот ісін жүргізуде адамгершілік қағидаттарды қолдануда бізге көп көмегін тигізуде. Құқықтық әдет-ғұрыптар мен қағидалар, әдептік санаттар сияқты құралдарды сот ісін жүргізуде қолдану судьяның білімі мен пайымының тиісті деңгейде болуына, оның жоғары моральдық қасиеттерді бойына сіңіруіне және азаматтық жауапкершілігінің арта түсуіне ықпал етеді.

Конференцияға қатысушылар – отандық құқықтанушы ғалымдар тобы қазақтардың ежелгі құқығына қатысты тарихи тәжірибені қалпына келтіру бойынша шын мәнінде орасан зор жұмыстарды атқарды. Олардың «қазақтардың ежелгі құқықтық әлемі» атты көптомдық жинағына енген ұзақ жылдар бойғы зерттеулері баға жеткізгісіз. Себебі, қазақ билер сотының мұрасы – бұл біздің халқымыздың тарихи жады ғана емес, сонымен қатар ұлттық байлық, жалпыға ортақ маңызы бар құнды материал.

Қазақ мемлекеттілігінің тарихында билердің әділдігі батыс мәдениеті мен қазіргі заманғы құқық үшін Рим құқығы сияқты рөл атқарды деген пікір бар. Мұынмен келіспеу қиын. Профессор Г. Югай басқарған Ресей Ғылым академиясы он жылдан астам уақыт бойы Еуразиялық өркениеттің дамуын зерттеумен айналысып келеді. Билердің қазақ сотына олардың зерттеулерінің жеке томы арналған.

Билер сотының тарихи мәні оның сот төрелігінің әділ тұтқасы бола білуінде. Жариялылық көшпелі демократияның қалыпты жұмыс істеуінің қажетті шарты ретінде қызмет етті. Ол ата-баба дәстүрлері мен әдет-ғұрпына сай келетін еркін қоғамдық пікірді білдіруге ұласты. Сайып келгенде, барлық заңдардан жоғары тұрған әділеттілік қағидатының берік орнығуы халықтың билер сотына деген сенімінің көрінісі болып табылады. Сот ісі адамдар дауды шешу үшін келген кезде басталатыны белгілі. Олар тек өздері сенетін адамдарға келіп жүгінгенді жөн көреді. Халықтың даналығы мен руханиятының басты қазынасының өзі міне осы.